KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
505.15 550.31 5.89

Көрісу күні: дәстүр мен технология тоғысқан тағылымды кеш (видео)

Бүгін, 14:30 108 Әбішев Ержан

14 наурыз – Наурызнама күнтізбесіндегі алғашқы күн, ел арасына кеңінен танымал болған Көрісу күні. Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасында бүгін өткен мерекелік шара – салт-дәстүрге тағзым, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсетуге арналған мазмұнды кеш болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Амал – тек амандасу ғана емес, ар тазалығы мен жүрек жылуын бөлісетін күн. Өскемен қалалық кітапханасының ұжымы бұл мерекені биыл ерекше ұйымдастырды. Шараға Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері арнайы шақырылып, кітапхана ұжымымен бірге көрісіп, Амал күнінің қуанышын бөлісті.

Жиналған қонақтарға ұлттық киімдерге арналған көрме ұсынылды. Бұл көрменің бірегейлігі – заманауи технологиямен үйлескен дәстүрлі мұра. Қатысушылар арнайы дайындалған бағдарламаның көмегімен виртуалды түрде сәукеле, кимешек, тақия сияқты ұлттық бас киімдерді «киіп көре» алды.

Көрменің басты мақсаты – жастарға қазақ халқының шынайы ұлттық киім үлгілерін таныстыру, әсіресе бүгінде шетелдік стильге еліктеп, бастарын өзге ұлтқа тән үлгіде жабуға тырысатын кей жастарға қазақ қызының киімі қандай болғанын, қандай болу керектігін көрсету.

– Біздің ата-бабаларымыз қыз баланың сұлулығын жауып жасырмаған. Керісінше, олар әсемдік пен тәрбиені үйлестіре білген. Қыздарымыз жас кездерінде тақия, тұрмыс құрғанда сәукеле, ал жасы келгенде кимешек киген. Бұл – ұлттық танымның көрінісі, – дейді О. Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі Жанат Жиенбекова.

Мерекелік кеш ән-жырмен, ұлттық нақыштағы қойылымдармен жалғасты. Көктеммен бірге келген көңіл шаттығы мен мейірімділік көрінісі бұл күні кітапхана қабырғасында ерекше сезілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу