Аустриялық туристер киіз үйді құруға атсалысты – Алтай ауданы (видео)
Бүгінде киіз үй – күллі әлемнің қызығушылығын тудырып отырған ұлттық мұрамыз. Ол қазақтың дүниетанымын, кеңпейілділігін, табиғатпен үндес өмір сүру философиясын паш ететін символға айналды. Қай ұлт, қай елдің өкілі болсын қазақтың киіз үйін көрсе, еріксіз тамсанып, ерекше әсер алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осындай ерекше әсерді бастан өткерген шетелдіктердің бірі – Аустриядан келген туристер Петра мен Юрген. Олар Шығыс Қазақстан облысын аралап жүріп, Алтай қаласына ат басын бұрды. Мұнда олар киіз үйдің құрылуын көріп, керемет әсер алды. Табиғи материалдармен сәнделген, шеберлікпен жасалған киіз үйдің құрылысы Петра мен Юргеннің таңданысын туғызды.
Аустриялық қонақтар әрбір әрекетке қызыға қарап, көп сұрақ қойып, қажетті мәліметтерді дәптерлеріне түртіп алды. Олар үшін бұл танымдық саяхат қана емес, мәдениетаралық байланыс орнату, өзге халықтың тұрмыс-тіршілігін терең түсіну мүмкіндігі болды.
Олар Алтай қаласына келген сәтте қалың қарға таңдай қаққан.
Қазақтың бай мәдениеті мен дәстүрі әлем елдерінің назарын аудартып отыр. Киіз үйді көріп, оны бірлесе құру арқылы өзге ұлт өкілдері қазақтың рухани байлығын тереңірек сезіне алды.