KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 2 м/с, З
515.03 584.82 6.24

ШҚО-да мектеп оқушылары сарбаздарға хат жолдады

8.04.2025, 17:15 217 Төлеуғазы Жансая

Ұлан ауданына қарасты «Таврия» орта мектебінің оқушылары мерзімді әскери қызметшілерге хат жолдауда. Бұл игі бастама оқушылар мен сарбаздар арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек. Күні ертең Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті білім алушылар үшін әскердегі өмір қызығушылық тудырады. Осыған орай бір топ мектеп оқушысы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздарына хат жазды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Әрине, сарбаздарға хат жазып, мазалаған сұрақтарына жауап іздеген оқушылардың көбі – ер балалар. Өйткені олар уақыт келгенде әскер қатарына шақырылады. Дегенмен қыздарды да сарбаздар өмірі қызықтырады. Мен, мысалы, мерзімді әскери қызметшілерді өткен Наурыз мерекесімен құттықтап, жауынгерлік қызметтеріне сәттілік тіледім, – дейді Таврия орта мектебінің оқушысы Елизавета Боровикова.

Мектеп оқушыларынан келіп түскен толассыз хаттарға мерзімді әскери қызметшілер шынайы әрі жан-жақты жауап беруге тырысты. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаевтың айтуынша, бұл бастама – отансүйгіш жас буын тәрбиелеуде маңызды қадам.

– Оқушылар әскер туралы мәліметті дәл қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың өз аузынан естігісі келеді. Меніңше, бұл – құптарлық бастама. Сарбаздарға ұсынылатын ас мәзірінен бастап, жауынгерлік қызмет барысында кездесетін қиындықтарға дейінгі ақпарат оқушылар үшін өте маңызды. Ал сарбаздар үшін өз өңірінен іні-қарындас тауып, бағыт-бағдар беретін ағаға айналу – үлкен қуаныш, – дейді отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу