KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
518.34 591.06 6.27

Сүтті өлке атануға күш салып отыр

pexels.com

10.04.2025, 15:30 202 Төлеуғазы Жансая

Ұлан – әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Мұнда ауыл шаруашылығын дамыту, баспанамен қамту, инфрақұрылымды жетілдіру, денсаулық сақтау, білім беру салаларында маңызды жобалар іске асуда. Аграрлық бағытта жылыжайларды салу, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жол жөндеу, ауыз сумен қамту, абаттандыру шаралары қолға алынған. Сонымен қатар инвестжобалар жүзеге асып, жұмыс орындары ашылуда. Әлбетте, әртүрлі мәселелер де шаш етектен, дегенмен қолға алынған бастамалардың халықтың әл-ауқатын жақсартары сөзсіз, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ең бастысы аудан «сүтті өлке» деген бұрынғы абыройлы атағын қайтармақ ниетте. Соңғы жылдары мұнда ірі сүт фермалары салынып жатыр. Былтыр 600 басқа арналған сүт фермасын роботтандыру ісі аяқталды, ал биыл 1400 басқа арналған фермалар салынып жатыр.

Ірі фермалар салынып жатыр

Ұлан ауданында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Сүт фермаларының құрылысы, жылыжай кешендерін салу және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Аудан кеңес заманында «сүтті өлке» атанған-ды. Енді сол абыройлы атағын қайтармақ ниетте. Айталық, былтыр 600 бас симменталь тұқымды сүтті сиыр фермасын роботтандыру жобасы аяқталды. Қазір сиырларды сатып алу жұмысы жүргізілуде.

– Қазіргі кезде «Агрокомплекс Донское» ЖШС Донское ауылынан бір шақырым жерде 1,5 гектар алаңы бар жылыжай салып жатыр. «AgroVostok LTD» ЖШС ірімшік өндіру мақсатында 800 басқа арналған сүт фермасын салуда. Қазір екі сиыр қорасы жұмыс істеп тұр, үшіншісі аяқталуға жақын. «Азовое Агро» ЖШС Азовое ауылының маңынан 600 басқа арналған сүт фермасын тұрғызып жатыр. Сою цехы салынды. Сиыр осы жылдың күзінде сатылып алынбақ, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина.

Ұлан ауданы «Ертіс Береке» компаниясымен бірге су үнемдейтін технологиялар бойынша шаруа қожалықтарына қолдау көрсетуде. Өткен жылы 7 «Су Береке» маркалы жаңбырлатқыш машина орнатылды. Алғашқылары «RAM AGRO» (Ново-Азовое ауылы) шаруашылығында жұмыс істеп жатыр. «Секе Нұр» ЖШС, «Багратион-2» ШҚ мұндай машиналарды өз қаражаттарына орнатты. Биыл жаңбырлатқыш машиналарды «Багратион ВВГ», «Шарапат Агро», «Ертіс» серіктестіктері, «Қайрат», «Режибалиева» қожалықтары орнатпақшы.

Осы жобалар аудан экономикасының дамуына серпін береді деп күтілуде. Мал шаруашылығы мен егіншілікті жетілдіруге арналған шаралар нәтижесін беріп, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға тиіс.

Үй кезегінің соңы көрінбейді

Ұлан – әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары аудандардың бірі. Мұнда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Әсіресе, баспанамен қамту, жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелері – басты назарда. 

– Өткен жылы аудан орталығы – Қасым Қайсенов кентінде қайталама нарықтан 11 пәтер сатып алынып, олар жетім балалар мен әлеуметтік осал топтарға берілді. Сонымен қатар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 88 пәтер салынды. Бұған қарамастан қазіргі уақытта үй кезегінде 812 адам тұр. Мәселені шешу үшін биыл ауданның елді мекендерінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 60 үй салу жоспарлануда. Қазір 8 үйге ғана қаражат бөлінген, – дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Егер осындай қарқынмен жалғаса берсе, кезекте тұрғандардың өз баспанасына қашан қол жеткізері белгісіз.

Аудандағы жолдардың сапасы да сын көтермейді. Десек те, былтыр жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында жалпы көлемі 400 шаршы метр шұңқырлар жөнделіп, 52 шақырым қиыршық тасты жолдар жөнделді. 416 шақырым жол жиегіндегі шөптер мен бұталар шабылды. Облыстық бюджет есебінен жолдарды орташа жөндеудің 8 жобасы іске асты, олардың жалпы ұзындығы – 18 шақырым. Сонымен катар полиция нұсқамасына сәйкес 81 жол белгісі орнатылды. Осы жылға жолдарды орташа жөндеуге 9 өтінім беріліп отыр. Сонымен қатар Сағыр, Бозанбай, Отрадное ауылдарының көшелерін орташа жөндеу үшін қаржы бөлініпті.

Ауыз су мәселесіне келер болсақ, Отрадное ауылында су құбыры тартылуда. Былтырдан бастап Асубұлақ ауылындағы су құбырлары жаңартылып, Бозанбай ауылында су құбырлары салынып жатыр. Аталған құрылыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Таза Қазақстан» акциясы – басым бағыттың бірі. Бұл науқан аясында ауылдарда сенбіліктер өткізу жоспарлануда. Барлық білім беру ұйымдарында абаттандыру, ағаш егу, алаңдарын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Акцияға ауданның барлық дерлік тұрғыны қатыспақ.

Жоспарланған жобалар толығымен іске асса, қордаланған мәселелер біртіндеп шешіледі деп сенеміз. Ең бастысы – қолға алынған бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың уақытылы және сапалы орындалуы.

Асубұлақтағы амбулатория биыл жөнелмек

 Ауданда денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Медициналық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жаңа медпункттер салынып, қолданыстағы нысандар жөндеуден өтуде. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да басымдық беріліп отыр. 

Мәселен, былтыр Желдіөзек, Макеевка, Отрадное, Сарыөзек, Казачье ауылдарында медпункт ғимараттары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қайсенов кентінде аудандық емхананың, Тройницкое ауылында медпунктің құрылысы басталды. Герасимовка және Айыртау ауылдарының амбулаториялары күрделі жөнделді. Осы жылы Асубұлақ және Привольное ауылдарының амбулаторияларын күрделі жөндеу жоспарлануда.

Ішкі саясат бөлімі ұсынған ақпаратқа сәйкес соңғы үш жылда рентгендік маммограф, ультр-дыбыстық зерттеу аппараты, стерилизатор, «Аудио-Смарт» жүйесі, ұрық мониторы, 4 электрокардиограф, кардиотокограф сатып алынды. Биыл рентгендік стационарлық және жылжымалы аппараттарды алу жоспарлануда.

Осы оқу жылында барлығы 175 мұғалім біліктілігін арттырды. Ағымдағы жылғы жоспар бойынша қысқа мерзімді біліктіліктті арттыру курсына қатысушылар тізімі – 337 педагог.

Ішімдіктен ада ауылдар саны арта ма?

 Жұмыссыздықты азайту және жастарды қолдау бағытында да біраз шаруа жүзеге асты. Жұмыс орындарын құру, бизнес идеяларды қаржыландыру және кәсіби оқыту арқылы халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру көзделген. Сонымен қатар жастар саясаты мен мәдени-көпшілік іс-шараларға көңіл бөлініп, олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасалуда. 

Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Мансап орталықтары арқылы субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламалары іске асуда. Биыл 408 субсидияланатын жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның ішінде «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 90, «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы ақылы 49 жұмыс орны, сондай-ақ 227 қоғамдық жұмыс орны, 17 әлеуметтік жұмыс орны, 25 алғашқы жұмыс орны құрылмақ.

Осы жылы аудан бойынша Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК дейін (1 572 800 теңге) мөлшерінде қайтарымсыз негізде 30 мемлекеттік грант беріледі. Сондай-ақ 45 жұмыссыз азаматты қысқамерзімді оқыту жоспарлануда. Олар біліктілікке ие болып, тұрақты жұмысқа орналасады. Биылға аудан бойынша 18 инфрақұрылымдық және инвестициялық жоба қарастырылған, оның ішінде 106 жұмыс орнын құру жоспарлануда.

– Ұлан ауданында жастардың саны (14 пен 35 жас аралығы) – 7918 адам, оның 1011-і аудан орталығында, 6907-і ауылдарда тұрады. Жоғары оқу орындары мен колледждерде 1289 студент білім алуда. Жыл басынан мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында өткен мәдени-көпшілік іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты. Осы жылға 42 іс-шара жоспарланған, оған «Таза Қазақстан» акциясына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Жұмысшы мамандықтар жылына, Конституцияның 30 жылдығына арналған іс-шаралар енеді, – дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина.

Мансап орталығымен бірге бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауданның жұмыспен қамту органдарына 113 жас маман жүгінді, солардың 52-сі субсидияланған жұмыстарға, 7-уі қоғамдық жұмыстарға орналасты, 27 адам «Жастар іс-тәжірибесі», 18 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында жұмыс тапты. 32 адамға жәрдемақы берілді.

Атап өтерлік жайт, Ұлан ауданында тұрғындары алкогольден бас тартқан бір ауыл бар. Ол – Егінсу ауылдық округіндегі Жанұзақ ауылы. Осындай елдімекендер санын көбейту бойынша ауыл әкімдерімен, ақсақалдармен, жұртшылықпен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атқарылып жатқан бұл шаралар жастардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасайды. Алкогольден бас тартқан ауылдардың көбеюі де маңызды бастама болып отыр.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу