KZ
Өскемен
+13°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
515.03 584.82 6.24

Өскемендік оқушылар ерекше биойогурт әзірледі

15.04.2025, 10:00 170 Әбішев Ержан

Әр ұлттың болашағы, оның денсаулығы мықты ұрпағымен өлшенеді. Бүгінде жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығы тек білім алумен шектелмей, қоғам игілігі үшін пайдалы инновациялық өнімдер жасауға бағытталуда. Осындай игі істің жарқын үлгісін Өскемендегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Азамат Нұрболат пен Аяжан Төкен көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өздерінің ғылыми жетекшілері – биология мұғалімі Динара Мұсабаевамен және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті биология кафедрасының профессоры, биология ғылымының кандидаты Гүлназ Садықановамен бірлесе отырып, олар адам денсаулығына пайдалы биойогурт жасап шықты. Бұл – олардың ғылым жолындағы алғашқы қадамдары ғана емес, сонымен қатар қоғамның денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі. 

­– Қазір тұрғындарда ас қорту жолдары аурулары, диабет, семіздік секілді ауралар көп. Олармен күресу үшін біз инулин және пектинге бай, халық арасында «қытай картобы» аталатын топинамбур өсімдігінің түйнектерін қолдана отырып денсаулыққа пайдалы биоиогурт әзірледік. Топинамбур ­– емдік өсімдік, витаминдерге, микроэлементтерге бай. Онда С витамині бар, темір мен цинк көп. Оның құрамындағы инулин ас қортуды жақсартып, қандағы қантты азайтып, ағзаға кальцийдін сіңірілуіне әсер етеді. Ал, сүтте фосфор, темір, магний, В5 витамині жетерлік. Ондағы пайдалы бактериялар асқазан микрофлорасына оң әсер етіп, адам иммунитетін нығайтады, –­ деп түсіндіреді Азамат.

Зерттеу нәтижесінде топинамбур ұнтағы қосылған бірнеше йогурт өнімі әзірленді. Ғылыми жобада жаңа йогурттың рецептурасы мен технологиясы баяндалады, сондай-ақ өнімнің диабетпен ауыратын адамдарға тигізетін пайдасы талданады.

– Біз жасаған зерттеу жұмысы кейін жеке кәсіпкерлердің, арнайы мекемелердің көзіне түсіп, адам ағзасына пайдасы мол жаңа өнім кең көлемде өндіріске шығарылып, тұтынушылар да ерекше қызығушылық танытады деген ойдамыз. Дайын өнімнің табиғи компоненттерден жасалуы және оның заманауи талаптарға сай болуы оның нарықта бәсекеге қабілеттілігін айқындайды, – дейді жобаның екінші авторы Аяжан.

Топинамбурға жеке тоқталар болсақ, оны кейде «жер алмұрты» деп те атайды, ол – көптеген емдік қасиеттерге ие күнбағыс тектестерге жататын көпжылдық өсімдік. Отаны – Солтүстік Америка. Қазақстан аумағына Қытай арқылы келгендіктен халық арасында «қытай картобы» аталған. Жалпы «Топинамбур» атауы еуропалықтардың осы өсімдікті топинамбо атты үндіс тайпасынан алғаш көріп, егуді үйренгенінен кейін пайда болған екен.

– Топинамбур халық медицинасында тағамға қосу арқылы бағзы заманнан бері қолданылады. Инсулиндық емес диабетті, қан аздықты, асқазан ішек жолдары ауруларын, атеосклероз, семіздік және жүйке жүйесінің ауруларын емдеуде өте пайдалы. Тағамға гипертония, тахикардия, жүректің ишемиялық аурулары кезінде, гастрит, асқазан ауруларында, интоксикация кезінде қолдануға кеңес беріледі. Экзема, күйік кездерінде сыртқа қолдануға болатын өсімдік адам денсаулығына пайдасын тигізетін әмбебап құрал іспеттес, – дейді профессор Гүлназ Садықанова.

Елімізде сүтті ешкі шаруашылығы баяу дамып келе жатыр. Қазақстанда ешкі сүтінен жасалған сүт өнімдерін өндіру жеткіліксіз және тұтынушылардың талабына сай келмейді. Ұзақ уақыт бойы ешкі сүтінен жасалған сүт өнімдері сауда ұйымдарында тек импорттық орын алатыны белгілі.

Бір қызығы иойогурт жасауда қолданылатын сүтті анықтау үшін оқушылар ешкі және сиыр сүтін салыстырған. Ешкі сүтінде май, ақуыз мөлшері сиыр сүтіне қарағанда көбірек болыпты. Әрі ешкі сүті нәзік сүзбе түзетіні анықталған. Сондықтан өнім жасауға 70% ешкі сүтінің және 30%сиыр сүтінің оңтайлы қоспасы пайдаланылды.

– Жалпы өнімді әзірлеу дәстүрлі технологиялар бойынша жүзеге асырылды. Шикізатты дайындау, нормализация, гомогенизация, салқындату, ашыту, араластыру, қосымша дәмбергіштерді  қосу, бөлу, қаптау этаптарынан өтті. Биойогуртқа дәм беру мақсатында табиғи бал қосылды. Дайын өнімдегі оңтайлы бал және топинамбур концентрациясын анықтау үшін бірнеше үлгілер әзірленіп, салыстырылды. Зерттеу жобасы аясында халық денсаулығына оң әсер ететін табиғи инновациялық өнім әзірленді, – дейді биология мұғалімі Динара Мұсабаева.

Дарынды оқушылардың ізденісі мен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген биойогурт – инновация мен дәстүрдің үйлесімді тоғысқан үлгісі. Табиғи компоненттерден жасалған иогурт науқастарға ғана емес, барша салауатты өмір салтын ұстанушыларға да нағыз көмекші құрал болмақ. Бұл өнімнің нарыққа шығып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде өз орнын табуы – оқушылардың арманы ғана емес, шынайы мүмкіндігі. Жастардың осындай жаңашылдыққа бет бұрып, өз білімдерімен қоғам игілігіне қызмет етуі – ұлт болашағының кепілі. Азамат пен Аяжанның еңбегі әрбір жас ғалымға үлгі боларлықтай, ал олардың алғашқы жетістігі – баршамызға ортақ мақтаныш.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу