Омбудсмен есебі: 2024 жылы адам құқығы саласында 6 мыңнан астам өтініш тіркелді
Фото: depositphotos.com
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2024 жылы атқарған қызметі туралы жыл сайынғы баяндамасы жарияланды. Құжатта адам құқықтары саласындағы негізгі мәселелер, келіп түскен өтініштер мен қабылданған әрекет ету шаралары қамтылған. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған бірқатар ұсынымдар ұсынылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Баяндама деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Уәкіл атына 6 748 өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,9%-ға көп. Көтерілген негізгі мәселелер қатарында сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдар, сотталған азаматтардың құқықтарының бұзылуы және сот актілеріне келіспеушілік бар.
Өтініштерді қарау нәтижесінде 97 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 5 адам әкімшілік жазаға тартылған. Төрт іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар баяндамада денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты өтініштердің 2,5 есе өскені атап өтілген. Азаматтар медициналық қызмет сапасының төмендігіне, медицина қызметкерлерінің салғырттығына және емдеу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі мәселелерге шағымданған.
Ал азаптау және өзге де адамгершілікке жат, қатыгез іс-әрекеттерге қатысты шағымдар саны 30%-ға азайған. Бұл көрсеткіш прокуратура органдарының ресми мәліметтерімен сәйкес келеді. Аталған салада қабылданған алдын алу шараларын халықаралық ұйымдар – АҚШ, Еуропа Кеңесі, Еуропалық одақ және БҰҰ жоғары бағалаған.
Баяндаманың бір тарауы қоғамның осал топтарының құқықтарын қорғауға арналған. Атап айтқанда, балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар 2,5 есе, ал әйелдерге қатысты өтініштер екі есеге жуық өскені көрсетілген. Білім беру саласына байланысты өтініштер де едәуір көбейген. Жүгінушілер негізінен буллинг, қорғаншылық органдарымен даулар және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға арналған білім беру квоталарын қайта қарау мәселелерін көтерген.
Омбудсменнің араласуы нәтижесінде бірқатар азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Мысалы, заңсыз салынған айыппұлдардың күшін жою, қылмыстық тергеулердің қайта басталуы, мүгедектігі бар азаматтарға тиісті төлемдердің қайта тағайындалуы сияқты нақты нәтижелер бар.
2024 жылы Уәкіл мен оның өкілдері жабық мекемелерге 800-ге жуық мониторингтік сапар жасаған. Бұл сапарлар барысында сотталған азаматтардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу, жазаны жеңіл түрге ауыстыру секілді құқықтарының сақталуы тексерілген.
Баяндамада ғылыми-талдамалық жұмыстар мен құқықтық олқылықтарды жою, заңнаманы жетілдіру бойынша 20-дан астам ұсыныс қамтылған. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғауды жүйелі түрде жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Баяндаманың толық мәтіні Уәкілдің ресми сайтында қолжетімді:
https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman/documents/details/825810