Сенаторлар кеңесінің мүшелері өндіріс орындарын аралады
Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшелері бірқатар өндіріс орындарын аралап, ондағы қызу жұмыстың барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шығыс Қазақстан облысына іссапармен келген кеңес мүшелеріне «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-на қарасты музей мен ондағы құнды жәдігерлер көрсетілді. Музейдің Көрме-ақпарат орталығының басшысы Владимир Донцов мәртебелі қонақтарға экскурсия ұйымдастырып, зауыт тарихымен таныстырды.
Сонымен қатар экс-сенаторлар өндірістік қуаты жылына 200 тонна уран өндіруге жететін, органикалық емес химиялық заттар мен жылу бергіш құрылғылар шығарумен айналысатын «Ульба-ТВС» ЖШС өнімдерімен танысты. Сондай-ақ, зауыт қонақтарына әлемдік деңгейдегі ірі кәсіпорынның бірі саналатын ҮМЗ-нің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы бейнеролик ұсынылды.
Оларды жылы қарсы алған зауыт басшылығы өндірістегі негізгі үдерістермен таныстырып, жұмыс барысын көзбен көруге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Кеңес мүшелеріне зауыттағы ең мәртебелі мамандықтар жайлы ақпарат берілді.
Келесі кезекте кеңес мүшелері сүт өнімдерінің 100-ден астам түрін өндіретін, атап айтқанда, әртүрлі майлылығы бар пастерленген сүт, қаймақ, ірімшік, сары май, сүзбе, құрт сияқты өнімдер шығарумен айналысатын отандық кәсіпорын – «Восток Молоко» корпорациясының жұмысымен танысты. Табиғи, таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін корпорацияға қарасты төрт жеке шаруашылық бар. Жыл сайын компания өнім көлемі мен экспорт мөлшерін арттыруға айрықша көңіл бөлуде.
Бүгінде сүт зауытындағы өндірістік үдерістің басым бөлігі автоматтандырылып, роботтандырылған. Бұл өз кезегінде уақыт пен еңбек шығындарын азайтады. Зауыттың бас директоры Сейлжан Сайлаубеков кеңес мүшелерін өндірістік нысанмен жеке таныстырды.
Қазіргі уақытта мұнда 1200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, соның 420-сы – жұмысшы мамандық иелері. Олардың әрқайсысы өз міндеттеріне мұқият қарап, зауыттың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуде. Экс-сенаторлар еңбек ұжымына сәттілік тілеп, ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын инновациялық технологиялардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Арайлым Нығметоллақызы
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай













