Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі Мыс зауытында болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өскемендегі «Казцинк» ЖШС-на қарасты Мыс зауытына барып, электролиз цехының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Компания президенті Никола Поповичтің айтуынша, аталмыш зауыт «Казцинк» тарихындағы ең ірі жоба саналады. 2011-2016 жылдар аралығында оның құрылысына 970 млн доллар көлемінде инвестиция тартылған.
«Келесі жылы Қарағанды облысындағы Жәйрем кен орнын игере бастаймыз. Ондағы комбинат Қазақстан бойынша ең ірі мырыш өндірісі болмақ. Ал Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында Долинный алтын-полиметалл кеніші мен Обрчуев полиметалл кенішін игереміз», - деді Никола Попович.
Өндіріс ошағын аралап болған соң Президент зауыт ұжымымен кездесті.
«Казцинк» - Қазақстан металлургиясының флагманы. 2000 жылы осы кәсіпорынға қарасты Малеев кенішін іске қосқанда Премьер-министр ретінде куә болған едім. Ал бүгін Мыс зауытының жемісті жұмыс істеп жатқанын көрдім. Еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.