Өскеменде «Во все века» атты шығармашылық концерті өтті
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, көршілес Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен келген өнер ұжымдары Өскемен жұртшылығына арнап ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Евгений Борисов атындағы Алтай мемлекеттік «Сибирь» орыс халық аспаптар оркестрі мен Александр Березиков атындағы «Алтай» жастар ән-би ансамблі қаламызда «Во все века» атты мазмұнды концерт өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығармашылық делегацияны ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қарсы алып, әртістерді облыс басшылығы атынан құттықтады.
Мерекелік кеш «Ертіс концерт» залында өтті. Кеш барысында Ұлы Отан соғысы жылдары жазылып, майдан шебінде сарбаздарға рух берген әндер шырқалды. Концертке келген көрермендер қатарында аға буын өкілдері көп болды. Сахна төрінде бұрынғы Кеңес Одағы елдеріне кеңінен танымал 20-дан астам ән орындалды.
Кеш барысында көрермендердің көңілінен ерекше шыққан шығармалар қатарында «Смуглянка», «Темная ночь», «Катюша», «Әлия», «День Победы», «Солдатская полька», «Победная пляска» сынды жауынгерлердің жүрегіне үміт отын жаққан туындылар орындалды.
Сондай-ақ, кеште Ұлы Отан соғысы жылдарында теңдесі жоқ ерлікпен тарихта қалған Ленинград қорғанысы мен блокадасы туралы шығармалар да шырқалды. Солардың бірі – И. Цветковтың «Петербурская серенада»-сы.
Осылайша, «Во все века» атты концерт көрерменге өткен ғасырдың ауыр белестерінен сыр шертіп, бейбіт күннің қадірін сезіндірген әсерлі кешке айналды. Ал әскери киім киген «Алтай» ансамблінің сахналық көріністері мерекелік шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Арайлым Орсаринова
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай