Ерлан Нысанбаев: экологияға деген көзқарас өзгерді (видео)
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтарында болды.
Салалық министр Асубұлақ, Верх-Уба орман шаруашылықтарында болып, ағаш отырғызу жұмыстарымен таныс болды. Министр орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы көлемін, жабдықталу жағдайларын да бағдарлады.
Күн тәртібінде тұрған тағы бір маңызды сұрақ – орман өртінің алдын-алу. Былтырғы жаз мезгілінің ылғалды болуына байланысты шөп қалың өсті. Биыл қураған шөп көлемінің мол болуы, ауа-райы болжамының аптап ыстық болатынын хабарлауы уайым туғызып отыр.
Ерлан Нұралиұлы Риддер орман шаруашылығының қызметімен, құрамдық күшімен және жабдықталу жағдайымен де таныс болды. Кейін, Риддер аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен бірге көшет отырғызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Биыл ғана Шығыс Қазақстан облысында 15.7 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.
Фото: Жәнібек Ырысбай










