KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

ШҚО-да жұмысшы мамандықтар жарысы басталды (видео)

12.05.2025, 16:10 337 Жанаргүл Көкенайқызы

Өскеменде «WorldSkills Shygys 2025», «AgroSkills Shygys 2025» және «Abilympics Shygys 2025» аймақтық чемпионаттарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарыс 12-16 мамыр аралығында 38 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл чемпионаттар Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Облыстық білім басқармасының бастамасымен және аймақ кәсіпорындарының қолдауымен өткізіліп жатқан сайысқа 28 колледжден 170-тен астам студент пен жас маман қатысуда. 

Олардың арасында Зайсан, Глубокое, Самар, Алтай, Шемонаиха, Үлкен Нарын  аудандарындағы аграрлық және техникалық колледждердің студенттері  де бар. Соның ішінде Риддер колледжінің студенттері 16 құзіреттілік түрі бойынша бақ сынамақ.  

Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жұмысшы мамандықтарын игеріп жатқан жастарға сәттілік тілеп, бұл кәсіптердің өңір дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Чемпионатқа қатысушылардың жұмыстарын кәсіби сарапшылар — өндіріс мамандары мен колледж оқытушылары бағалайды. Іс-шараға демеушілік көрсетіп отырған «Казцинк» ЖШС өкілі Андрей Лазаревтың айтуынша, тек олардың компаниясында 300-ден астам жұмысшы мамандық бар, ал қарапайым жұмысшының жалақысы 500 мың теңгеден асады.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің айтуынша, чемпионат – халықаралық талаптарға сай кәсіби дағдыларды дамыту алаңы.

- WorldSkills жай ғана жарыс емес, бұл жаһандық жұмыс күшінің ажырамас бөлігі ретінде дағдылар мен мамандықтарды ілгерілетуге арналған маңызды шара. Оның мақсаты өңірімізде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру арқылы кәсіптік білім беру жүйесін дамыту. Чемпионатқа қатысушылардың жұмысын бағалау үшін сарапшылар ретінде облыс кәсіпорындардың жетекші мамандары, колледждердің өндірістік оқыту шеберлері мен тәлімгерлері тартылып отыр, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Байқау жастарға тек өз мүмкіндіктерін көрсету ғана емес, сонымен бірге заманауи технологиялар мен өндірістік стандарттармен танысуға, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл – кәсіби жолға алғашқы қадам жасап жатқан жастар үшін баға жетпес тәжірибе.

-    Аймақтық чемпионатқа алғаш рет қатысып отырмын. Біздің колледжде  тәжірибеден өтуге барлық жағдайлар жасалған. Түрлі шаруашылықтар мен кәсіпорындарға барып, өндірістік тәжірибеден өтіп келеміз. Механикаландыру құзіреттілігі бойынша 8 ауданнан келген қарсыластарыма есе жібермей, колледжде алып жатқан білімімді көрсетіп, жеңіске жетсем деймін, - дейді Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің 3 курс студенті Бағдат Икарбек.

Фото: Екатерина Семина


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу