KZ
Өскемен
-18°
туман Штиль
508.91 594.36 6.33

ШҚО-да дарынды балаларға арналған республикалық  лагерь ашылады

Фото: Жібек Нұрахмет

23.05.2025, 14:30 262 Айна Бакимбаева

Осыған дейін Риддер қаласының маңында дарынды балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін республикалық лагерь ашу мәселесі көтерілген еді. Қазір осы жобаның орындалуы қандай сатыда екенін облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл жоба – еліміздің үздік оқушыларына, спортта, өнерде және ғылымда жетістікке жеткен дарынды балаларға арналған демалыс пен дамудың жаңа кеңістігі болмақ.

- Қазіргі таңда бұл жоба бастапқы кезеңде: лагерь үшін 12,4 гектар жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жер телімі Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласынан бес шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл орынды таңдау кездейсоқ емес — лагерь қалаға жақын, инфрақұрылымға қолжетімді әрі табиғаты көркем жерде бой көтермек. Келесі кезең — жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) дайындау. Бұл құжат негізінде құрылыс жұмыстары басталып, жобаның нақты архитектуралық келбеті қалыптасады, - деп хабарлады басқарма басшысы.

Инесса Чернышева атап өткендей, лагерь 200 балаға арналған және республикалық деңгейдегі маңызға ие болады. Мұнда тек демалу ғана емес, оқу, шығармашылық даму, спорттық жаттығулар, зияткерлік бағдарлама және арнайы қажеттіліктері бар балаларға бейімделген білім беру жүйесі де жүзеге асырылады. Жобада әр маусым түрлі бағытта өтеді: шығармашылық, ғылыми, спорттық және инклюзивті.

Әзірге лагерьдің атауы жоқ, жобаның жұмыс атауы- қазақстандық «Артек». Болашақта лагердің атауы балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін арнайы  байқау арқылы таңдалады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама балалардың қызығушылығын оятып, жобаның мәнін тереңірек түсінуге жол ашады.

Лагерьде сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мұндағы басты мақсат — демалысты пайдалы өткізу ғана емес, баланың жеке қабілетін дамытуға, терең білім алуына жағдай жасау.

- Лагерь Риддер қаласындағы жалпы білім беру мекемелеріне жақын орналасатындықтан, оқу процесіне жергілікті педагогтер, сондай-ақ ЖОО және колледж оқытушылары тартылатын болады. Бұл балаларға мектеп бағдарламасынан да терең білім беріп, олардың таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді салалық басқарма басшысы Инесса Чернышева.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу