KZ
Өскемен
-20°
плотный туман Штиль
510.18 601.91 6.51

«Мектебім, саған мың алғыс!» атты мерекелік жиын өтті (видео)

23.05.2025, 14:00 590 Арайлым Орсаринова

Бүгін биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты еліміздің мектептерінде бірқатар салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Өскемен қаласындағы іргелі білім беру ұйымының бірі – №48 мектеп-қосымша білім беру орталығында өткен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мерекелік жиын да білімгерлер мен түлектерді жинады. Он бір  «Үздік аттестатқа» үміткер, «Алтын белгіден» үмітті он сегіз оқушы бар бұл білім ошағына жиылған қауымды ШҚО әкімінің орынбасары Ермек Нұрғалиев құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Мектеп ауласында өткен салтанатты жиынға Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Нұрғалиев, мектеп ұстаздары және ата-аналар қатысты. Шара барысында мектеп директоры Чинар Мажинова баяндама жасап, оқу ордасының жетістіктерімен бөлісті. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандарды аймақ басшысы атынан оқу жылының аяқталуымен құттықтап, үлкен өмір жолына қанат қаққан түлектерге сәт-сапар тіледі.

– Биылғы жыл сәтті, әрі табысты жыл болды деп айтуға болады. Бүгін осындай салтанатты жиын облыстағы 343 мектепте өтуде. Өңірімізде 4000-нан астам мектеп бітіруші түлек үлкен өмірге қадам басты. Соның арасында 700-ге жуығы «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» алуға үміткер. Бұл дегеніміз – үлкен жетістік. Осындай үлкен жетістікке жеткізіп, балаларға білім мен тәрбие берген ардақты ұстаздарға алғыс айтамыз. Оқу жылын аяқтау ұстаздардың үлкен еңбегі деуге болады, ал біз соны қорытындылаймыз. Соған баға береміз, сондықтан барлық ұстаздардың еңбегіне өте жоғары баға береміз. Мереке құтты болсын! – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Биылғы оқу жылындағы жалпы мектеп бітіруші түлек саны – 69. Олардың арасында «Үздік аттестатқа» – 11, «Алтын белгіге» – 18 үміткер бар. Бұл уақытта алты мектеп бітіруші түлекке шетел университеттерінен шақырту түскен.

– «Алтын белгі» үміткерімін. Биылғы оқу жылын көптеген жетістіктермен аяқтадым. Мәселен, 2024 жылдың екінші ауысымында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында бас командир, яғни президент болдым. Сондай-ақ екі жыл бойы мектептегі оқушылар өзін-өзі басқару ұйымына басшылық етіп, мектеп президенті және «Жас ұлан» ұйымының ұланбасы болдым. Мектепте жинақтаған білімім мен тәжірибем арманыма жетуіме көмектесетініне сенімдімін. Осы жан тебірентерлік сәтті сыныптастарыммен бөлісу мен үшін үлкен қуаныш. Өзім сияқты барша түлектерге алдағы сыннан сүрінбей өтіп, қалаған оқуларына түсуіне тілектеспін. Ең бастысы – дендері сау болып, бойларындағы қайрат пен күш-жігер ешқашан сөнбесін! Арман-мақсатымызға сүрінбей жетіп, еліміздің көркейіп, дамуына үлес қосатын тұлғаларға айналайық! – дейді 11-сынып түлегі Айым Бекмұхамбетова.

Өз кезегінде ата-аналар да №48 мектеп-қосымша білім беру орталығының ұжымына алғыс білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтты.

– Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген әрі өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына алғысым шексіз. Мереке құтты болсын! Бүгін ұлым Азамат Мұсабеков те мектептегі оқуын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Өте қуаныштымыз. Бүгінгі салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті. Барша мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеймін! Әрқайсысы жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман атанып, биіктерден көріне берсін! – деді Айдын Айдарханов.

Мерекелік жиын барысында мектептің қоғамдық-мәдени жұмысына белсене атсалысқан және оқуын үздік аяқтаған оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ ұстаздары шәкірттеріне жылы лебіздерін білдіріп, түлектер өздеріне 11 жыл бойы білім берген мұғалімдеріне қимастықпен алғыс айтып, ән-жырларын арнады. «Алтын белгіге» үміткер түлек 10-сыныптың үздік оқушысына білім кілтін табыстап, оқуда сәттілік тіледі. Түлектердің «Мектеп вальсі» көрермендердің көңілінен шығып, жиналғандар бірін-бірі құттықтап, естелік суреттерге түсіп, мәз-мейрам болып тарқасты.

Фото, видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу