ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов: «Мектеп – тек білім ошағы емес, болашақтың берік іргетасы» (видео)
Бүгін Өскемендегі №3 мектеп-лицейінің түлектері үшін оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Күмбірлеген қоңырау үнімен көмкерілген тебіреністі сәтте мектеп-лицейдің он бірінші сынып оқушылары вальс билеп, алтын ұя мектебі мен ардақты ұстаздарымен қоштасты. Енді оларды аса маңызды кезең – Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Бұл мектеп түлектерінің арасында 16 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін қала мектептерінің барлығында оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиын өтті. Осындай рәсім Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде де жалғасын тапты. Түлектерді осы маңызды оқиғамен құттықтауға келген қонақтар алтын ұясынан қанат қаққалы тұрған ұл-қыздарға ақ тілектерін арнап, сәт-сапар тіледі.
Айта кетейік, №3 мектеп Өскеменде 1989 жылы ашылған. Бұл білім ордасы – оқытуды мемлекеттік тілде жүргізген қаладағы ең алғашқы мектеп. Осы жылдар ішінде бұл мекемеден ел дамуына елеулі үлес қосқан көптеген белгілі азаматтар түлеп ұшты. Олардың қатарында облыс орталығының әкімі Алмат Ақышов та бар.
Бүгінгі таңда мектеп түлектерінің ішінде 16 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Әрине, бұл жетістіктердің артында оқушылар мен ұстаздардың ерен еңбегі жатыр.
Салтанатты жиын барысында түлектер вальс билеп, түрлі шығармашылық өнерлерін көрсетті.
Шараға оқушылардың ата-аналары да қатысты.
Енді он бірінші сынып оқушыларын тағы бір маңызды сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Оған мектеп оқушылары оқу жылы бойы табанды дайындалды.
Елизавета Седых
Фото: Махаббат Ахметжанова












