«Қауіпсіз жол» акциясы аясында Өскеменде автокеруен өтті (видео)
Бүгін Өскемен қаласында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әуежайдан бастап қаланың екінші шетінде орналасқан «Шешек» шағынауданына дейін, қала ортасындағы басты даңғыл арқылы жол-көлік оқиғасына ұшыраған көліктер тиелген жеті эвакуатор жүріп өтті. Әр эвакуаторда мыжылған көліктермен бірге жол ережелерін сақтауға шақыратын баннерлер орнатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Акцияның басты мақсаты – қала және облыс тұрғындарына жолда жүру ережелерін сақтамаудың салдарын нақты әрі көрнекі түрде көрсету. Бұл бастамаға облыстық полиция департаменті, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері жұмыла атсалысты.
ШҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаевтың айтуынша, мұндай автопробег арқылы жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Дархан Қанатұлы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасарының міндетін атқарушы, полиция майоры Еркін Саттыбаевтың мәлімдеуінше, мектеп оқушыларымен де жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Патрульдік полиция қызметкерлері балаларға жолдан дұрыс өту тәртібі туралы лекциялар оқып, жол жүру ережелерін түсіндіреді. Дыбыс зорайтқыштар арқылы адамдар көп жиналатын орындарда жол ережесін сақтау қажеттігі жөнінде хабарламалар жасалады.
Акцияға белсене қатысқан «ОСА» қоғамдық бірлестігінің ШҚО және Абай облыстары бойынша төраға орынбасары Сергей Романовтың айтуынша, мұндай автопробегтер тұрғындарға жол апатының нақты салдарын көрсетуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл. Бұл әсіресе жас жүргізушілер үшін маңызды.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды міндет. Сондықтан «Қауіпсіз жол» акциясын ұйымдастырушылар барша тұрғындарды жолда мұқият болуға және заң талаптарын сақтауға шақырады. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің кепілі.
Фото/видео: Руслан Акматалиев








