Әкім қабылдауы: Ерекше жандарға - қолдау, үлескерлерге - үміт, шалғайға – жұмыс орындары
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды мәселені талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қабылдауда алғашқылардың бірі болып сөз алған Қарлығаш Әлібекқызы, Евгений Яровой, Ербол Мауин және Динара Мұхтариева Өскемен қаласында 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған орталықтың жоқтығын айтып, нақты шешімдер сұрады. Облыс әкімі бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, қазіргі орталықты қосымша ғимараттар мен жабдықтар есебінен кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді.
Кездесуге келген «Diamond» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де өз алаңдаушылықтарын білдірді. Құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы мен жобаның тоқтап қалуы тұрғындар үшін ауыр жүкке айналған. Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселеге қатысты нақты мәлімет беріп, «Қазақстан тұрғын үй компаниясымен» бірлесіп тұрғын үй кешенінің жаңа жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, жобалау жұмыстары басталған. Құрылысты қайта бастау 2025 жылдың қазан айында басталады деп күтілуде.
Зайсан ауданынан келген Әлібек Мұқашев ауылдық өңірде жылыжай құрылысы жобасын ұсынды. Аймақ басшысы бұл бастаманы жоғары бағалап, оны жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ қабылдау барысында Катонқарағай ауданынан келген Дариға Исабаева «Баян» емдеу-сауықтыру орталығына қолдау көрсету жайын көтерді. Тараптар «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу тетіктерін, туризм және марал шаруашылығын мемлекеттік қолдау жолдарын талқылады.
Кездесу соңында Козыбаевтар отбасы облыс басшысына жұмыспен қамтуға көмектескені үшін алғыстарын білдірді. Бүгінде отбасы мүшесі Ляззат Козыбаева №16 мектепке тұрақты жұмысқа орналасқан. Аймақ басшысы азаматтардың барлық өтініштері назарға алынатынын, көтерілген мәселелерді шешу – жергілікті биліктің басты міндеті екенін атап өтті.
ШҚО әкімі баспасөз қызметі ақпараты негізінде








