KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
517.66 606.49 6.44

«Алтын Гефест»: «Казцинк» – өндірістік қауіпсіздік бойынша жыл көшбасшысы болып мойындалды

5.06.2025, 10:00 205 Гульжан Мусина

Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы ең беделді марапаттардың бірі саналатын «Алтын Гефест – 2025» ұлттық байқауында «Казцинк» компаниясы «Өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша жыл көшбасшысы» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс – кәсіпорынның еңбек қауіпсіздігі мен өндірістегі тәуекелдерді азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі. 

Марапаттау рәсімі 4 маусымда Астана қаласында өткен Astana Mining & Metallurgy (AMM) конгресінің 15-мерейтойлық сессиясы аясында өтті. Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 20 мамырға дейін қабылданған болатын. Бұл – сала мамандары үшін тәжірибе алмасу, үздік кәсіпорындар мен мамандарды тану алаңы болып саналатын маңызды жыл сайынғы оқиға.

Премияны ҚР Индустрия және құрылыс министрі атынан табысталды. Аталмыш марапаттың кәсіпорынның бір жыл бойғы нақты жұмысы мен жауапты көзқарасының нәтижесі екені алға тартылды.

Байқау аясында үміткерлер төрт негізгі критерий бойынша бағаланды:

  • еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесінің енгізілуі;
  • өндірістегі зиянды және қауіпті факторларды азайтуға бағытталған шаралар;
  • заманауи технологияларды қолдану;
  • қызметкерлерді міндетті және әлеуметтік сақтандырумен қамту.

Барлық көрсеткіштер бойынша жоғары нәтиже көрсеткен «Казцинк» ЖШС қауіпсіз өндіріс саласында жоғары стандартты ұстанатынын айғақтай алды. Кәсіпорын жыл сайын еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайын жақсарту бағытында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Жалпы, «Алтын Гефест» – саладағы кәсіби жетістіктерді мойындаумен қатар, тұрақты даму мен кадрлық өсуді ынталандыратын платформа. Конкурс шеңберінде жыл сайын үздік геологтар, кеншілер, металлургтер, байытушылар, педагогтер, жас мамандар мен саладағы әйел қызметкерлер марапатталады. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар, ESG-стратегиялар, IT-шешімдер мен медиажобалар да ескеріледі.

«Казцинк» ұжымының бұл жеңісі – өндірістік мәдениетке деген жауапкершілікті көзқарасының және қауіпсіздік қағидаттарына адалдығының нәтижесі. Марапат компанияның қазіргі жетістігін ғана емес, болашаққа деген ұстанымын да көрсетеді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу