ШҚО-да полицейлер мен құтқарушылар бір тәулік ішінде орманда жоғалған зейнеткерді тапты (видео)
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметі орманда адасып кеткен қарт әйелді жедел тапты.
68 жастағы Старая Черемшанка ауылының тұрғыны дәрілік шөптер теру үшін автобуспен Өскемен бағытындағы Зимовье ауылына жақын орман алқабына кеткен. Алайда кешке үйге оралмаған. Келесі күні ол жақындарына қоңырау шалып, орманда адасып кеткенін және кері жолды таба алмай қалғанын хабарлаған.
Іздестіру жұмыстарына бірден полиция мен құтқару бөлімшелері, еріктілер мен бейжай қарамайтын азаматтар жұмылдырылды. Барлық мүмкін ресурстар пайдаланылды: мобильді топтар, дрондар, радиобайланыс құралдары.
Белсенді іздестіру жұмыстары басталғаннан кейін бірнеше сағат ішінде, кешке қарай әйел адам орман ішіндегі төбенің етегінен табылды. Ол қатты шаршап, бағыт-бағдардан айырылған, бірақ аман-есен болған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жақындарына тапсырылды.
Іздестіру тобы үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды.
ШҚО Полиция департаменті ескертеді: орманға шыққанда жақындарыңызға бағытыңызды хабарлап, өзіңізбен бірге қуатталған телефон, су, азық-түлік, жылы киім және навигация құралдарын алыңыз. Төтенше жағдайда 102 нөміріне дереу қоңырау шалыңыз.
Фото/видео: ШҚО ТЖД


