Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда
Фото: wfin.kz
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында зиянды және денсаулыққа кері әсері бар, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген 51,4 мың жұмыскерге қосымша ақы төленген.
асқа да қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істеген 46,8 мың жұмыскерге қосымша демалыс беріліп, 34,3 мыңы тегін емдік-профилактикалық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ 13,2 мың қызметкердің еңбекақысы көтеріліп, 13,0 мыңына қысқартылған жұмыс күні белгіленіпті. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер тарапынан 28 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
2024 жылғы 2-мамырда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында «Шығыс Қазақстан облысында 2024-2030 жылдарға арналған өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жол картасы» қабылданды.
Жол картасы аясында:
– Жергілікті 23 кәсіпорын шарттық қатынастар шеңберінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейін бақылаудың сатылы моделін енгізді. Олардың қатарында «Промтехмонтаж Өскемен басқармасы» ЖШС, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «Service СМУ» ЖШС сынды кәсіпорындар бар.
– Облыстағы 42 кәсіпорын «Vision Zero» – нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылды.
– Қазіргі таңда облыста 1332 техникалық инспектор еңбек етеді. Олардың міндетіне өндірістік жарақаттың алдын алу және жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. Осы мақсатта өңір көлемінде 715 өндірістік кеңес құрылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еңбек процесі кезінде ұжымның қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілік жұмыс берушінің мойнында. Дегенмен әрбір қызметкер де еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша бірыңғай талаптарды сақтап, белгіленген ережелер мен нұсқаулықтарды бұлжытпай орындауға міндетті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департамент мамандары әрбір қызметкер еңбек шартын, әсіресе ұжымдық шартты талап етуі қажет екенін ескертеді. Өйткені онда жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы өндірістік және тұрмыстық жағдайлар толық жазылып, еңбекті қорғауға қатысты талаптармен қатар, жұмыскерді жеке қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету тәртібі де қарастырылады.
Ал еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды заң аясында жүзеге асыру – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы сенімді әрі дұрыс қарым-қатынастың негізі.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Асланбек Қабаевтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері облыс кәсіпорындарында 41 адам зардап шекті, оның ішінде 4 жағдай адам өлімімен аяқталып, ал 22-сі ауыр және 15-і жеңіл жарақат алумен тынған. Оның айтуынша, өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға, ал өліммен аяқталғаны 50%-ға төмендеген.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары 32 жазатайым оқиғаларға арнайы тергеп-тексеру жүргізіп, соның нәтижесі бойынша 71 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтады.Ал бес материал бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Еңбек заңнамасы бойынша жауапкершілік
ҚР Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орын алған жағдайда, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерге орташа жалақысының 100% мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
Бұл төлем еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап, жұмыскердің еңбекке жарамдылығы қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ҚР Азаматтық кодексінің 937-бабына сәйкес, денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығындар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрілер сатып алуға, протез салғызуға, басқа адамның күтім жасауына, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа кәсіпке даярлауға және басқалар), егер жәбірленуші көмек пен күтімнің осындай түрлеріне мұқтаж және оларды тегін алмайды деп танылса, өтелуге жатады.
ҚР Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес, жұмыскерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың 5-тен 29-ға дейінгі пайызды қоса алғандағы дәрежесiн белгілеумен байланысты зиян келтірілген кезде, жұмыс беруші жұмыскерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу кезеңінде денсаулықтың зақымдануынан туындаған, жұмыс беруші өтейтін шығындардың мөлшері төлем төленетін кезде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Төлем осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі тарапынан 2025 жылдың басынан бастап 135 тексеру жүргізілген екен.
Тексеру нәтижесінде, 156 еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталыпты. Тексеру қорытындысы бойынша, 51 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13,6 млн теңгеге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, Асланбек Арстанбекұлы еңбек қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттану жағдайлары әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның үшінші отырысында және Сараптамалық кеңестің бірінші отырысында қаралғанын атап өтті.
Өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында еңбек инспекторлары тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізуде. Мамандар көп жағдайда жұмыс орнындағы келеңсіз жайттар сол жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан және қауіпсіздік шараларының талапқа сай жүргізілмеуінен туындап жататынын айтады.
Ағымдағы жылдың сәуір айының соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтқан болатын.
Сонымен қоса өндірістік қауіпсіздік саласындағы зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында ахуалдық орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай орталықта қауіпті өндірістік объектілерде енгізілген апаттар мен жазатайым оқиғалар тәуекелдерін талдаудың болжамдық жүйелері қосылатын болады. Ахуалдық орталық жұмыскерлердің өндірістік нысандағы еңбек жағдайларының қауіпсіздігіне онлайн-режимде мониторинг жүргізуге, уақытылы ден қоюға және шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы халықаралық еңбек ұйымы мен Еңбек министрлігі бірлесіп, Қазақстанның тау-кен өндіру саласында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған жаңа жобаны іске асыруда.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында кемінде жеті жыл жұмыс істеген және 55 жасқа толған жұмыскерлерді қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілгенін ерекше атап өтуге болады. Аталған мүмкіндікті бұл күнде 14 мыңға жуық қазақстандық пайдаланып, осы бағытқа шамамен 14,6 млрд теңге жұмсалыпты.
Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асырған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті. Әрбір қызметкердің қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбектің қолайлы жағдайына деген құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-бөлігінде бекітілген.
Осыған байланысты, мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау жүктелген.
Бұл ретте, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, яғни қызметкерлер осы мақсаттарға бағытталған шығындарды көтермейді. Қаражат көлемі жұмыс берушінің актісінде немесе ұжымдық шартта айқындалады. Сондай-ақ, заңнамада қызметкердің еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауы үшін қажетті білім алуға және кәсіптік даярлыққа құқығы бар екендігі регламенттелген. Яғни, жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқама беруді және білімдерін тексеруді жүргізудің қолданыстағы қағидалары мен мерзімдеріне сәйкес, жұмысқа қабылданған адамдар, кейіннен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімдерін міндетті түрде тексере отырып, жұмыс беруші ұйымдастыратын оқытудан міндетті түрде өтеді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Осы орайда еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен жұмыскерлер кезең-кезеңімен, жұмыс берушінің қаражаты есебінен үш жылда кемінде бір рет кадрларды кәсіптік даярлауды жүзеге асыратын ұйымдарда (оқу орталықтарында) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан және білімін тексеруден өтуге міндетті. Осылайша, қолданыстағы еңбек заңнамасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, оның ішінде қызметкерді даярлау жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктелген.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 93-бабында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлерді даярлау жөніндегі еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік ке тарту қарастырылған.