KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 1 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Жұмыста жарақаттану және еңбекақы қарызы: мәселе қалай шешілуде?

9.08.2024, 11:17 49 Ержан Әбіш

Өндірістік жарақаттану мен еңбекақы қарызы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, қызметкерлерге арналған жеңілдіктер мен қосымша әлеуметтік кепілдіктер, ұжымдық еңбек шарттарын жасау және оларды цифрландыру. Осы және өзге де мәселелер туралы Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Тоқтасынова айтып берді.

 

Статистикаға жүгінер болсақ

 Ғалия Тоқтасынова осы жылдың бірінші жартысында жұмыскерлер тарапынан еңбек қатынастарына қатысты 953 өтініш қаралғанын атап өтті. 2023 жылдың бірінші жартысында облыс тұрғындарынан басқармаға 733 өтініш түскен.

– Еңбек қатынастары саласында 249 тексеру жүргізілді, оның ішінде 227-сі – жоспардан тыс тексеру және облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында 22 профилактикалық бақылау жүргізілген. Өткен жылы олардың саны 298 болған, – деді Ғалия Тоқтасынова.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында тексерулер барысында 882 заң бұзушылық анықталған, оның көпшілігі еңбек қатынасына қатысты – 504 факт. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы заң бұзушылықтар саны – 372, ал халықты жұмыспен қамтуға байланысты 6 дерек тіркелген.

Жалпы, облыс бойынша 182 нұсқама беріліп, 135 жұмыс берушіге 19,9 миллион теңге айыппұл салынды.

 

Еңбекақы қарызы қысқарып келеді 

Ғалия Тоқтасынованың айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары 32 кәсіпорынның 525 жұмыскер алдында еңбекақы бойынша қарызы бар екенін анықтаған. Жалпы еңбекақы қарызы 324,8 миллион теңгеге жеткен. Бүгінде жұмыс берушілер еңбекақы қарызын 188 миллион теңгеге қысқартты.

– Биыл облыстағы бірде-бір кәсіпорында еңбек дауы болмағанын атап өткен жөн. Алайда Ситуациялық орталық екі кәсіпорын бойынша мониторинг жүргізіп жатыр, олар – «Востокшахтострой» АҚ мен «Кэмонт» АҚ, – деп түсіндірді Ғалия Тоқтасынова.


Айталық, «Востокшахтострой» кәсіпорнында 183 жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша 51 миллион теңге қарыз жиналған.

Ғалия Тоқтасынованың айтуынша, 2023 жылдың 9 қазанында сот шешімімен кәсіпорын банкрот деп танылып, ағымдағы жылдың 19 ақпанынан бастап кредиторлар талаптарының тізімін жасау жұмыстарын реттейтін банкроттық басқарушы тағайындалған.

«Кэмонт» АҚ-ның 286 жұмыскер алдындағы еңбекақы қарызы қазіргі уақытта 136,8 миллион теңгеге жеткен.

– Жеке сот орындаушылардың қарыздарды өндіру рәсімі белгісіз мерзімге тоқтатылды, себебі жұмыскерлер сот органдарына бұрын берілген нұсқамалардың күшін жою жөніндегі іс-әрекеттерді заңсыз деп тану туралы шағымданған. Осы жылдың 22 мамырындағы Шығыс Қазақстан облыстық сотының қаулысымен «Кэмонт» АҚ жұмыскерлерінің талаптары өзгеріссіз қалдырылды, – деді Ғалия Тоқтасынова.

 

Ұжымдық шарт жұмыскерді қорғайды

 

Ғалия Тоқтасынова облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы облыстық келісімде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша барлық мүдделі тараптардың келісілген ұстанымдары және онымен байланысты экономикалық қатынастар нақты белгіленгенін еске салды.

Мәселен, келісімде әр тарап бірнеше жыл бойы жалақыны көтеру және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, сондай-ақ күллі аймақ тұрғындарын әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша кешенді шаралар қабылдайтыны көзделген.

Жыл басынан бері облыста жасалған ұжымдық шарттардың саны 5451-ге жетті, бұл – облыстағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 75,5 пайызы. Олар облыстың барлық ірі және орта кәсіпорындарында жасалған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері бойынша ұжымдық шарттардың саны олардың жалпы санының әзірге тек 70 пайызын құрайды.

– Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, облыстағы ұжымдық шарттарды цифрландыру және оларды Enbek.kz ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жалғасуда. Цифрландыру аясында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек кітапшаларын цифрландыру және электрондық еңбек шарттарын HR Enbek жүйесінде тіркеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, – деді Ғалия Тоқтасынова.


 

Үшжақты комиссияның жұмысы ауқымды

 

Спикер облыста әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Онда облыс кәсіпорындардағы еңбек қатынастарын реттеу, қосымша жеңілдіктер мен бірқатар әлеуметтік «лифттер» орнату сияқты көптеген мәселелер талқыланады.

Ғалия Тоқтасынованың айтуынша, облыста жыл басынан бері облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның төрт отырысы өтіп, онда проблемалық кәсіпорындарды дағдарыстан шығару жолдары қаралған.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілі 2024 жылдың 31 мамырында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның келісімі тіркелгенін хабарлады. Бұған дейін осындай келісім 2021-2023 жылдарға жасалған болатын.

Комиссия отырыстарында облыстағы кәсіпорындарды дағдарыстан шығару жоспарлары әзірленеді. Ұжымдық шартты бұзу жағдайында комиссия мүшелері кәсіпорын басшылығына жұмыскерлердің әлеуметтік төлемдер мен кепілдіктерді жоғалтпау мәселесін шешуге көмектеседі.

Ғалия Тоқтасынова атап өткендей, облыстық келісім және ұжымдық шарттар – бүгінде мемлекет пен жұмыс берушілердің ынтымақтастығы арқылы халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты формаларының бірі.

 

Жұмыста жарақаттанатындар әлі де көп

 

Тәжірибе көрсеткендей, облыс кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану әлі де тұрақты құбылыс болып отыр. Алайда, ағымдағы жылы облыста өндірістегі жазатайым оқиғалар саны төрт жағдайға азайды. 2023 жылы 50 жағдай болса, биыл 46 дерек тіркелген. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында өндірістік жарақаттанудан 52 адам зардап шекті (2023 жылы – 53). Ал өндірістік жарақат салдарынан өлім көрсеткіші екі есе өсті, былтыр төрт, биыл 8 адам қаза тапты. Осы жылы ауыр жағдайлардың саны 26-ны құрады, 2023 жылы 27 болған.

Ағымдағы жылдың бірінші жартысында облыста үш топтық жазатайым оқиға болып, тоғыз жұмыскер зардап шеккен.

– Жалпы, облыста өндірістік жарақаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға төмендеді. Арнайы тексеру нәтижелері бойынша кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін полицияға 47 материал жіберілді. Осылайша, 76 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылып, екі қызметкер жұмыстан босатылды, екі қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соңғы екеуі – 156-баптың 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылған бульдозерші мен 345-баптың 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылған аудандық аурухананың жүргізушісі, – деді Ғалия Тоқтасынова.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыстың 73 кәсіпорнында еңбек жағдайларын аттестаттацияланды, еңбек жағдайлары зиянды 169 өндірістік нысан мен жұмыс орны қамтылды. Облыстың 185 кәсіпорнында қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттары енгізілді.

– Бүгінгі таңда жұмысшыны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасаудың үлесі белсенді кәсіпорындардың жалпы санының 65,1 пайызын құрайды. Сондай-ақ 2024 жылғы 2 мамырда әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» бекітілді, ол Шығыс Қазақстанда өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған, – деді спикер.

Сондай-ақ Ғалия Тоқтасынова облыстың 14 кәсіпорнында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілгенін айтты, онда 64 адам еңбек етеді, олар денсаулық жағдайларына байланысты қауіпсіз өндірісті бақылау және жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек әдістерін оқыту бойынша жұмысқа ауыстырылған.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу