«Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ: Жарияланған мәліметтер шындыққа жанаспайды
pixabay.com
2025 жылғы 11 маусымда бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының сайттарында «Өскемен халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – акционерлік қоғам) қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1-тармақшасында көзделген монополиялық жоғары (немесе төмен) баға белгілеу және оны ұстау әрекеттері бойынша құқық бұзушылықтар орын алғаны туралы жарияланымдар жарық көрді.
Осыған орай ресми хабарлаймыз: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 26 мамырынан 19 тамызына дейінгі аралықта акционерлік қоғам қызметіне қатысты жоспарлы тексеру жүргізілуде. Атап айтқанда, әуежай жанармайын өткізу қызметі бойынша құжаттар сұратылған.
Айта кету керек, бұл тексеру әлі аяқталған жоқ. Бұйрықта көрсетілген мерзім аясында тексеру жалғасып жатыр және қорытындысы әзірге ұсынылмаған. Тиісінше, Кәсіпкерлік кодекстің 152-бабы негізінде БҚДА тарапынан акционерлік қоғамға қандай да бір тексеру нәтижелері (қорытынды немесе ұйғарым) жолданған жоқ.
Осыған байланысты БАҚ-та жарияланған «құқық бұзушылықтар анықталды» деген сипаттағы ақпарат шындыққа сай келмейді. Себебі тексерудің ресми қорытындылары жоқ, ал акционерлік қоғам ол туралы хабарландырылмаған.
Акционерлік қоғам өкілдерінің мәлімдеуінше, ресми тексеру толық аяқталмай тұрып, оның қорытындылары жария етілгендей көрсету акционерлік қоғамның іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, алдағы өндірістік жоспарлар мен қызмет барысына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жалған ақпаратты әлеуметтік желілерде, интернет-ресурстарда, ашық деректер порталдарында немесе басқа да жолдармен тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін.
Осы орайда акционерлік қоғам жұртшылықты тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге шақырады.
«Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметі