Құқықтық сұрақтарға жауап беретін чат-бот қолжетімді болды
Фото: pexels.com
Енді қазақстандықтар құқықтық сұрақтарға жауапты чат-бот арқылы жылдам ала алады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі азаматтардың заңға қатысты мәселелер бойынша онлайн көмек алуын жеңілдету мақсатында «Әділет» порталында жасанды интеллект негізіндегі «сандық көмекші» чат-ботты іске қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО Әділет департаментіне сілтеме жасап.
Цифрлық көмекшінің басты міндеті – тұрғындарға күнделікті өмірде туындайтын құқықтық мәселелерге тез әрі нақты жауап беру. Қазірдің өзінде пайдаланушылар бұл қызмет арқылы жылжымайтын мүлік, еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, некеге тұру немесе ажырасу секілді түрлі бағыттар бойынша қажетті кеңестер алып жатыр.
Чат-бот тәулік бойы жұмыс істейді және «Әділет» порталы арқылы қолжетімді. Пайдалану үшін ешқандай тіркеу немесе қосымша жүктеу қажет емес – тек сұрақ қойсаңыз болғаны.