KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
501.31 520.11 5.33

Цифрлық сот орындаушысы: жаңа дәуірдің бастауы (Видео)

Бүгін, 11:50 75 Төлеуғазы Жансая

Қазіргі кезде жаңа технологияларды енгізу, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу мен құқықтық көмек көрсету саласында цифрлық шешімдерді пайдалану азаматтарға қызмет көрсету жүйесін айтарлықтай жеңілдетуде. Осы бағытта қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Цифрлық сот орындаушысы» жүйесі, ол іс жүргізуді автоматтандырып, процестерді тез әрі тиімді етуді мақсат етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда елімізде цифрландырудың қарқынды дамуы, жаңа технологияларды енгізу үдерісі қоғамның барлық саласына әсер етіп, қызмет көрсету жүйелерін тиімді әрі қолжетімді ету мақсатында көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында, Қазақстан Республикасы әділет органдарының атқарушылық іс жүргізу саласына енгізілген цифрлық технологиялар мен жаңа жүйелердің нәтижесінде көптеген оң өзгерістер орын алуда.

– 2024 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Цифрлық сот орындаушысы» жобасын іске қосып, азаматтардың борыштық мәселелерін шешуді жеңілдететін жаңа жүйені енгізді. Осы жаңашылдықтың арқасында, бұрынғы күрделі әрі уақыт алатын процедуралар автоматтандырылып, азаматтар 20 АЕК-ке дейінгі айыппұлдар мен салық қарыздарын тез әрі тиімді өтеуге мүмкіндік алды. Бұл жүйе, әсіресе, аз мөлшерде берешегі бар тұлғалар үшін қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтып отыр, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы Айгүл Туктыбаева.

Оның үстіне, атқарушылық іс жүргізу мерзімі 30 күнге дейін қысқарған, бұл азаматтар мен борышкерлердің уақытын үнемдейді. Бүгінгі таңда, «Цифрлық сот орындаушысы» жүйесі арқылы Шығыс Қазақстан облысында 215,5 миллион теңгеге 10 577 іс қозғалған, ал азаматтар жеке сот орындаушыларына төленетін қызмет ақысының 25%-ын есептемегенде, 32 миллион теңге үнемдеген.
Бұл жаңашылдықтың тағы бір артықшылығы – оның азаматтарға қаржылық қарыздарын реттеу мүмкіндігін жеңілдетіп, түрлі құқықтық шаралардың күшін автоматты түрде жүзеге асырады. Сондай-ақ, егер борышкер міндеттемелерін орындамайтын болса, жүйе автоматты түрде арнайы шаралар қабылдайды.
Қазіргі уақытта «Цифрлық сот орындаушысы» жүйесінің сәтті енгізілуі елімізде цифрландыруды тереңдетіп, басқару жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңіне жол ашты. Әрине, бұл тек бастама ғана. Болашақта жүйенің қолданыс аясын кеңейту, еліміздің барлық аймақтарында тиімді пайдалану мүмкіндіктерін арттыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар азаматтарға құқықтық қызметтер көрсету саласында жасанды интеллект пен цифрлық жүйелерді кеңінен пайдалану бойынша жаңа жобаларды қолға алды. Мысалы, халыққа онлайн режимінде заңдық көмек көрсету үшін «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы азаматтар білікті заң көмегін алу үшін қажетті қызметтерді қолжетімді түрде пайдалана алады.
Құқықтық кеңестерді онлайн түрде ұсынатын жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің көмегімен азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ құқықтық көмек алу процесін жеңілдетуге жол ашылады. Бұл, өз кезегінде, еліміздің құқықтық жүйесінің ашықтығын және тиімділігін арттырып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Цифрлық сот орындаушысы мен құқықтық кеңес берудегі жасанды интеллект сияқты инновациялық шешімдер Қазақстанның цифрлық трансформациясының маңызды бөлігі болып табылады және алдағы уақытта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді ашатыны сөзсіз.

Нұржан Кенжеұлы

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу