Елімізде жергілікті полиция қызметі жойылатын болды
Фото: gov.kz
Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылатын болды. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасында айтылды. Құжат ішкі істер саласындағы артық бюрократияны қысқарту және жұмысты жүйелеу мақсатында әзірленген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған заң жобасына сәйкес, 2016 жылы құрылған жергілікті полиция қызметінің орнына ішкі істер министрлігі жаңа құрылымдарды енгізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін бұл қызметтің құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция, жасөспірімдермен жұмыс, экология және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен айналысатын бөлімшелер болған. Дегенмен, Мәжіліс талқылауында айтылғандай, бұл құрылым өзіне жүктелген қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеттерін толық атқара алмаған.
Басты себеп – қызметтің негізгі жұмысынан алыстап, көбінесе абаттандыру, тазалық сынды мәселелерге көбірек уақыт жұмсауы.
Мәжілісте мақұлданған жаңа заң жобасы аясында Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарына нақты бөлініс жасауды ұсынып отыр. Осылайша, әр қызмет нақты өз міндетіне жауап береді.
Сонымен қатар, көлік полициясының атауы өзгеріп, терминологиялық нақтылау жүргізілмек. Әскери-тергеу органдары министрліктің аумақтық құрылымынан шығарылып, дербес бөлімше ретінде жұмысын жалғастырады. Ал әкімшілік қамауға алынған азаматтарды уақытша орналастыру мәселесі де реттеліп, қабылдау-бөлу орындарын пайдалану тәртібі қарастырылған.
Жалпы, заң жобасы арқылы 16 түрлі заңнамаға өзгеріс енгізіледі.