Өскемендегі Арбатқа барып, гимн шырқайық
Фото: novoetv.kz
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні.
Жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Осы күні Өскемен қаласында ерекше акция ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Гимн Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ресми түрде бекітілген болатын. Ал 2007 жылы "Мемлекеттік рәміздер туралы" Конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Өскемен әкімдігі мерекеге орай қаланың тұрғындары мен қонақтарын Мемлекеттік гимн орындау акциясына қатысуға шақырады.
Шара өскемендіктердің сүйікті демалыс орнына айналған Арбатта өтеді.
Уақыты: 4 маусым, сағат 18.00-де.
Баршаңызды Арбатқа келіп, гимн айтуға шақырамыз!