Биыл мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанда аяқталады
Фото: pexels.com
Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылға арналған жылжымайтын мүлік пен жер учаскелеріне қатысты жеке тұлғалар төлеуге тиіс мүлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 қазанға дейін екенін еске салады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салық органдары бұл салықты әрбір мүлік иесінің атына тіркелген нысандардың құнына және меншікте болған нақты уақыт мерзіміне қарай автоматты түрде есептейді. Бұл деректер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынған мәліметтер негізінде алынады.
Салық сомалары туралы хабарламалар меншік иелеріне шілде айынан бастап жолданады. Сонымен қатар, салық төлеу мерзімін өткізіп алмау үшін екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы PUSH-хабарламалар жіберіледі.
Салықты төлеу мерзімін кешіктірген жағдайда, яғни 2025 жылдың 2 қазанынан бастап төлем жасалмаса, жеке тұлғаларға салық берешегі туралы ресми ескерту жіберіледі.
Мүлік салығын төлеу жолдары:
– e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
– Электрондық үкімет порталы (egov.kz);
– Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары;
– Банк бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында;
– Банкомат пен карталық төлем жүйелері арқылы.