KZ
Өскемен
-16°
туман жел 1 м/с, С
510.18 601.91 6.51

Өңір басшысы “Старо-Австрийская” аталып кеткен көпір құрылысының ұзап кетуін сынға алды - ШҚО

12.07.2025, 11:45 275 Кайсанова Инабат

Шығыста туризм қарыштап дамып келе жатқанымен, кедергі келтіріп отырған жекелеген түйткілдер де жоқ емес. Солардың бірі – халық арасында “Старо-Австрийская” деген атаумен белгілі жол бойындағы көпірдің жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы. Бұл мәселе облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың катонқарағайлықтармен кездесуі барысында назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Бұл тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден келетін туристерге де үлкен қолайсыздықтар туғызып отыр. Көпірдің жөндеу жұмыстары тым баяу жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай туристік ағынды шектеп, бүкіл өңірдің тартымдылығына теріс әсер етуде», – деді аймақ басшысы.

Осыған байланысты өңір басшысы Катонқарағай ауданының әкіміне және ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Асқарұлына жұмысты жеделдетіп, нақты нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.

Сонымен қатар, “Рахман қайнарлары” шипажайына апаратын жолдың қазіргі жағдайы да сөз болды. Бұл бағытта «ҚазАвтоЖол» мекемесі жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ел ішіндегі ең танымал курорттық аймақтардың бірі саналатын бұл нысанға апарар жолдың жаңартылуы – туризмнің дамуы үшін аса маңызды.

«Жолдар мен көпірлердің жағдайы – тек көлік қозғалысына ғана емес, өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығына да тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан біз туризмді тек жарнама арқылы емес, ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылыммен де қолдауымыз қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.

Туризм – бұл тек көрікті орындар мен табиғи байлықтар ғана емес. Ең алдымен, бұл – инфрақұрылым, жолдың сапасы, байланыс пен қауіпсіздік, сервистік қызмет, тамақтану орындары мен қызмет көрсету мәдениеті. Осы тетіктердің дұрыс жұмыс істеуі Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан да бұл сала – өңірдің дамуындағы басым бағыттардың бірі болып келеді.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу