KZ
Өскемен
+14°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, В
504.34 556.34 5.97

ШҚО әкімі: “Тазалық пен абаттандыру – уақытша ғана қажеттілік емес, күн тәртібіндегі нақты міндет”

2.04.2025, 15:58 301 Төлеуғазы Жансая

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстандағы қалалар мен аудандарда көктемгі абаттандыру жұмыстарының баяу жүріп жатқанын айтып, құзырлы әрі жауапты мамандардың жұмысын таразылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, қыс аяқталғанымен, елді мекендердің келбеті әлі де ретке келтірілмеген - көшелер мен тротуарларды шаң мен құм басса, ғимараттардың қасбеттері ескірген. Ал кәсіпкерлер болса өздеріне тиесілі аумақтарды тазалауға асығар емес.

– Көктем келді, аймақ ұйқыдан оянды. Бірақ бұл оянуды біз қалалар мен аудандар тірлігінен көріп отырған жоқпыз. Кімді күтіп отырмыз? – деді аймақ басшысы облыстық әкімдікте өткен жиында.

Ол аудан және қала әкімдеріне апта сайын сенбілік өткізіп, абаттандыру жұмыстарын шұғыл қолға алуды қатаң тапсырды.

– Қарапайым жұмыс болғанымен, бұл – әкімдіктердің жүйелі жұмысына берілетін ең алғашқы бағалардың бірі. Көше тазалығы мен ғимараттардың келбеті – халықтың көңіл күйі мен билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі коммерциялық нысандарға тиесілі аумақтарды ретке келтіру, қасбеттерді жөндеу, тозған баннерлерді алып тастау, сынған қаптамаларды ауыстыру секілді қарапайым жұмыстарды да атап өтіп, қарқынды жеделдетуді тапсырды.

– Бұл – жай ғана сыртқы келбет емес. Бұл – іскерлік мәдениет пен қоғамдық жауапкершіліктің көрсеткіші. Кәсіпкерлермен диалог қажет. Бірақ бейжайлыққа жол жоқ. Әкімдіктер түсіндірумен қатар нақты нәтиже талап етуге тиіс, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Ол кәсіпкерлермен жұмыс барысында формализмге жол бермей, әр адамның мүмкіндігін ескере отырып, бірақ істі созбалаңға салмай, бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығын алға тартты.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу