Катонқарағайда туризм саласына қатысты 25 жоба жүзеге асады

Фото: Редакция мұрағатынан
Алдағы бес жылда Катонқарағай ауданында туризм саласына қатысты 16,7 миллиард теңгенің 25 жобасы жүзеге асады. Бұл туралы Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан халқымен кездескен өңір басшысы өз сөзінде туризм саласына ерекше тоқталды.
Аймақ басшысының айтуынша, аудан мен облыс қонақтарына жан-жақты жарнама және ақпарат беру керек.
Бұдан басқа, қызмет көрсету және сервис сапасын халықаралық деңгейге дейін көтеру маңызды.
Атап айтқанда, өңір басшысы Катонқарағай ауданының әкіміне жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп әуежай құрылысы үшін барлық қажетті құжаттарды тиісті министрлікке уақтылы ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті әуежайға кiреберiс жолдарды жөндеу жөнiнде ұсыныстар енгiзу қажеттігін айтты.
Ал Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп туристік кластерді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыруға тиіс.
Ермек Беделбайұлының пікірінше, Катонқарағайдағы табиғи-климаттық жағдай көп салалы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Марал шаруашылығын, ара шаруашылығын дамыту бойынша аудан республикада көш бастап тұр. Шаруа қожалықтарында жыл сайын 250 тоннадан астам қымыз өндіріледі, ол халық арасында үлкен сұранысқа ие.