7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікпен тегін жүрмек – Өскемен
Фото: Жібек Нұрахмет
Өскемен қаласында кейбір азаматтар үшін қоғамдық көлікте жол жүру ақысына жеңілдіктер берілуі мүмкін. Қала әкімдігі мен қалалық мәслихат осыны көздейтін ортақ шешім жобасын әзірлеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл бастаманы Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов бұған дейін өткен кезекті бір брифингте мәлімдеген болатын.
Шешім жобасында 70 жастан асқан зейнеткерлерге жолақының 55 пайызын ғана төлеуге мүмкіндік берілетіні айтылған. Ал 7 мен 18 жас аралығындағы балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, өзге елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер және Өскемен қаласының Құрметті азаматтары қоғамдық көлікте тегін қатынайды.
Сондай-ақ трамваймен тегін жүру құқығына келесі азаматтар ие болмақ: бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, көру қабілетінен айырылғандар,
көпбалалы аналар (яғни «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар),
80 жастан асқандар.
Жеңілдіктер жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал балаларға берілетін жеңілдік 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.