KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Қазақстанда астық пен ұн экспорты 12,4 млн тоннаға жетті

stock.adobe.com

4.08.2025, 10:30 200 Жанаргүл Көкенайқызы

Қазақстанда жаңа өнімнің астық және ұн экспорты айтарлықтай өсім көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдардағы қыркүйек–шілде айлары аралығында астық пен ұнның астық эквивалентіндегі жалпы экспорты 12,4 миллион тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34%-ға жоғары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сала мамандары мұны оң динамика деп бағалап отыр. Экспорт көлемінің артуымен қатар, жеткізілетін елдер географиясы да кеңейіп, жаңа нарықтарға жол ашылды.

Мәселен, астық пен ұн экспорты Өзбекстанға – 28,2%-ға, Тәжікстанға – 39,2%-ға, Қырғызстанға – 2,5 есеге, Иранға – 17 есеге, ал Әзербайжанға – 120 есеге артқан. Бұған қоса, бұрын экспорт мүлде болмаған Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия және Ұлыбританияға алғаш рет жеткізілімдер басталды.

Сондай-ақ, Солтүстік Африка елдері мен Вьетнам да қазақстандық бидайға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, ұлттық оператор – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы Мароккоға шамамен 60 мың тонна, Вьетнамға 15 мың тонна астық жөнелтілген.

Бұрын тоқтап қалған бағыттар да қайта жанданып келеді. Соңғы бес жылда алғаш рет Әзербайжан, Грузия және Түркияға экспорт қалпына келтірілді. Сонымен қатар, Италияға қатты бидай экспорты да едәуір ұлғайған.

Астық экспортындағы бұл серпін – қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы жоғары сұранысқа ие екенін және мемлекеттік қолдаулар мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту шараларының тиімділігін көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу