ШҚО-да жас жол инспекторларының республикалық жиыны басталды
Балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысында республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шара басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен 3–13 тамыз аралығында өткізіліп жатқан бұл басқосуға Ғазиз Байтасовтың есімі берілген. Шара биыл 20-шы рет ұйымдастырылып отыр.
Жиынға еліміздің барлық 20 өңірінен және ТМД елдерінен келген жас жол инспекторларының командалары қатысуда. Барлығы – 140-тан астам бала.
Қатысушы өңірлер қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бар.
Іс-шара аясында балалар жол қауіпсіздігі ережелерін меңгеріп, түрлі байқауларға қатысады. Сонымен қатар олардың көшедегі мінез-құлқын қалыптастыру және көшбасшылық қабілеттерін дамыту көзделген.
Шараға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті әр өңірден келген топтарды күтіп алып, оларды «Дарын» лагеріне дейін арнайы көлікпен жеткізді.






