KZ
Өскемен
пасмурно Штиль
522.38 612.6 6.54

Ауыр атлетикадан ашық қала чемпионаты өтті – ШҚО

Кеше, 13:30 117 Серік Құсанбаев

Өскемен қаласында ауыр атлетикадан қала біріншілігі өтті. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған ашық чемпионат «Олимпиец» олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталмыш жарыс – өңірдегі ауыр атлетика спортын дамытуға бағытталған дәстүрлі спорттық іс-шаралардың бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форматтағы чемпионат жыл сайын бірнеше рет өткізіліп, әр жолы еліміздегі маңызды мерекелік даталарға арналады. Биылғы сайыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылды.
Чемпионаттың «ашық» деп аталуы да бекер емес. Бұл жарысқа Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан бөлек, көршілес Абай облысынан келген спортшылар да қатысуға мүмкіндік алды. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды, тек әр команда салмақ дәрежелері мен қатысушылар саны жөнінде алдын ала мәлімет береді.

– Бұл жарыстың басты мақсаты – өңірде ауыр атлетика спортын кеңінен дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және болашақта республикалық әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғайтын мықты спортшыларды даярлау, – дейді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ауыр атлетикадан аға жаттықтырушысы Денис Девяткин.

Чемпионаттың ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Ашылу рәсімінде сөз алған 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Денис Уланов жарысқа қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Шығыс Қазақстанда ауыр атлетика спорты бұрын аса қарқынды дамыған жоқ. Алайда Рио-2016 Олимпиадасындағы жетістіктен кейін бұл спорт түріне жасөспірімдер арасында қызығушылық айтарлықтай артты. Қазір қала мектептерінде және аудандарда ауыр атлетиканы дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп сенемін, – деді ол.

Жарысқа Алтай, Тарбағатай аудандарынан, сондай-ақ Курчатов пен Өскемен қалаларынан шамамен 60 спортшы қатысып отыр. Чемпионат шымылдығын ауыр атлетикамен айналысатын қыздар ашты. Бұл – өңірде әйелдер арасындағы ауыр атлетиканың да біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді.

– Бүгінгі жарысқа әр өңірден келген спортшылар тыңғылықты дайындықпен келді. Мұндай бәсекелер жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, өз мүмкіндіктерін бағамдауына үлкен мүмкіндік береді, – дейді кіші жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Мақсат Азбаев.

Жарыс қорытындысы мен жеңімпаздар тізімі сайыс аяқталғаннан кейін жарияланатын болады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу