Қазақстанда шұғыл жағдайларға арналған тегін дәрі-дәрмектердің төмендетілмейтін қоры ұлғайтылды
Қазақстанда пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында маңызды өзгеріс енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен 2025 жылдан бастап шұғыл жағдайларға және жаңадан анықталған науқастарға арналған тегін дәрілердің төмендетілмейтін қоры айтарлықтай кеңейтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен қалыптастырылатын қор көлемі 21 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бұл дәрілік заттардың 2–3 айлық қажеттілігін орталықтандырылған түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қор ең алдымен шұғыл жағдайларда және күтпеген медициналық қажеттіліктер туындаған кезде дәрі тапшылығына жол бермеуді көздейді.
Келесі жылдың басты жаңалықтарының бірі — төмендетілмейтін қордың атаулы тізімі 12 препараттан 341 атауға дейін кеңейтілгені. Жаңартылған тізбе жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, эндокриндік, сирек кездесетін және басқа да созылмалы ауруларды емдеуге арналған маңызды дәрілерді қамтиды.
Бұл шешім пациенттерді емдеу курсының үздіксіздігін сақтауға, күтпеген тапшылықтың алдын алуға және елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін «Фармация» СҚ Бірыңғай дистрибьюторы логистикалық жүйені түбегейлі жаңғыртты. Енді дәрілер өңірлерге бұрынғы 10 күннің орнына 5 жұмыс күні ішінде жеткізіледі.
Сонымен бірге, операциялық қоймалар саны 9-дан 18-ге дейін артқан. Бұл орталық хабтарға түсетін жүктемені азайтып, әсіресе шалғай аймақтарға дәрілік заттарды біркелкі әрі уақытылы жеткізуге мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қабылданған шаралар – ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам.
Жаңартылған тұрақты қор:
емдеу курстарының үзілмеуіне кепілдік береді;
сұраныстың күрт өсуіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді;
жеткізілімдегі кешігулерге байланысты тәуекелдерді азайтады;
елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін күшейтеді.