Биыл 380 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі - ШҚО
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында жалпы көлемі 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 94,7%-ды құрайды. Салынып жатқан баспананың 67%-ы – көпқабатты үйлер, ал 33%-ы – жеке тұрғын үйлер, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жылдың алғашқы алты айында 146 мың м² баспана берілген. Қалған 234 мың м² үйді жылдың екінші жартысында тапсыру жоспарланған. Бүгінде өңірде 863 мың м² тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның басым бөлігі жеке инвестициялар арқылы жүзеге асуда, ал қалғаны бюджет есебінен салынып жатыр.
Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтуға да басымдық берілген. Биыл жалпы ауданы 40 мың м² болатын 539 пәтер сатып алу көзделуде. Оның ішінде 189 пәтер – көпқабатты үйлерде, ал 350 пәтер – «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында бой көтеретін үйлерден болады.
Сонымен қатар, 11 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың 9-ын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жеті айдың ішінде облыста 7 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Бұл тізімде мектеп, бірнеше амбулатория, емхана және Согра ауылындағы спорттық база бар.
Қазіргі таңда 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында гематология орталығы, Риддердегі көпсалалы аурухана, бірнеше жаңа амбулатория, мәдениет пен спортқа арналған кешендер, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым жобалары бар.
Жыл соңына дейін 12 нысанның құрылысын аяқтау жоспарда. Олардың қатарында ірі медициналық және спорттық кешендер де бар.
«Барлық жобалар белгіленген мерзімде, сапаға ерекше мән бере отырып жүзеге асырылуда», – деді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Мұқатаев Ерназ Ерланұлы.

