KZ
Өскемен
-27°
переменная облачность жел 2 м/с, С
518.39 603.09 6.68

Өскемендегі Ахмер шағынауданында жаңбыр мен қар суын жинайтын жүйе салынып жатыр

13.08.2025, 16:30 276 Төлеуғазы Жансая

 

Ахмер шағынауданы көктем сайын суға толып, тұрғындарға әбігер салып келетін. Биыл бұл мәселені түбегейлі шешу үшін арнайы су ағызу жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазір «Таза Өскемен» мекемесінің мамандары Қойшыбаев, Қыз Жібек, Қозы Көрпеш және Ұстаздар көшелері бойына ұзындығы 485 метр болатын арнайы су ағызатын науалар (лоток) төсеп жатыр. Сондай-ақ жеке үйлердің аула кіреберістеріне диаметрі 250 мм екі қатар құбыр орнатылып, ұзындығы 242 метр болатын бөлігі аяқталды. Бұл жерлер тегіннен таңдалған жоқ — дәл осы тұстармен бұрыннан еріген қар мен жауын суы табиғи еңістікпен ағып келген.

Бұрын, үйлер салынбай тұрғанда, бұл аумақ көктемгі суларды Ертіске қарай табиғи жолмен жеткізетін жердің бөлігі еді. Қазір құрылыс көбейген соң, сол табиғи арнаның орнын жасанды инженерлік жүйемен алмастыру қажет болды.

Мамандардың айтуынша, су ағызатын науалар — бұл кез келген дренаж жүйесінің негізгі бөлігі. Олар көшеден және айналасынан жиналған суды бір арнаға бағыттап, оның ретсіз жайылып кетуіне жол бермейді.

Жұмыстың басты мақсаты — тұрғын үйлер мен көшелерді су басу қаупін азайту, әрі шағынауданның алдағы дамуына берік инженерлік негіз қалау.

Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен, әр учаскенің жер бедері мен су ағу ерекшеліктері ескеріле отырып жалғасады.

Видео: «Таза Өскемен»

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу