KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 6 м/с, ОШ
504.76 593.8 6.5

Темірге жан бітірген шебер

Фото: Жібек Нұрахмет
Фото: Жібек Нұрахмет
16.08.2025, 15:00 628 Айна Бакимбаева

Бүгінде техникалық мамандықтарға сұраныс артқан тұста, темір-терсекті еркін меңгерген білікті шеберлердің орны айрықша. Олар ­ ел экономикасының тынысы мен өндірістің тірегі. Токарь мамандығы қазақ үші таңсық емес. Кезінде ата-бабаларымыз темірден түйін түйген нағыз ұста болған. Солардың бірі «Өскемен Водоканал» кәсіпорында ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан токарь Самат Ғайсин. Шаһардың сумен үздіксіз қамтамасыз етілуіне жауапты маман су құбырында апат болған сәттерде күн-түн демей жұмыс орнынан табылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Зейнеткерлікке шыққанына төрт жылдан асқанымен,  ардагер токарь еңбектен қол үзбей келеді. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туып өсті. Темірдің тілі мен сырын жастайынан таныған Самат Ғайсин Одесса қаласындағы арнаулы оқу орнына түсіп, темір өңдеу ісін жетік меңгеріп шығады.

– Бала күнімде майысқан шегені түзеу, істен шыққан сайманды қалпына келтіру мен үшін қызық болатын. Кейін осы қызығушылық өмірлік кәсібіме айналды. Бірақ мен токарьлық мамандыққа кеш, жиырма сегіз жасымда келдім. Ол кезде біздің ауылда жаңадан МТС   (машина-трактор станциясы) ашылды да, соған мамандар керек болды. Менен «Одессаға оқуға барасың ба?» деп сұрағанда, мен қуана келістім. Сөйтіп, Украинада бес ай оқып, токарьлықты меңгеріп келдім. Келген бойда Өскемен арматура зауытына орналасып, ширек ғасыр еңбек еттім. Оның ішінде он жеті жыл токарь станогының басында тұрдым, – деп есіне алды маман.

Шебердің сөзіне қарағанда, әрбір темірдің бойында бір сыр, әрбір бөлшекте бір міндет бар. Жөнделген тетік – жүйелі жұмыстың кепілі. Оның қолына түскен бөлшектерге жан бітіп, жүрмей тұрған машина болсын, басқа құрылғы болсын, зырылдай жөнеледі.

Өткен жылы қаладағы бір шағын ауданның кәріз құбыры істен шығып, бүкіл ауданды дәретханадан аққан жаман су басып кету қаупі төнеді. Сантехник мамандардың айтуынша, бір жерде «задвижка» жабылмай тұр. Самат
Ғайсинді дереу жұмысқа шақыртады. Самат аға үш сағатта әлгі задвижкаға қажетті бөлшекті жонып, жасап шығады.

– Біздің міндетіміз – халықты сусыз қалдырмау, сол себепті демалыс, мейрам күндеріне де қарамастан, қыс-жаз демей жұмыстан табыламыз. Жарылған құбырларды қайтадан қалпына келтіру үшін де кейде жаңа бөлшектер қажет болады, кейбіреуінің «резьбасы» ұстамайды, сондай кезде біз жаңасын жонып, дайындаймыз, – деп түсіндірді жұмыс барысын ардагер токарь.

Шебердің серігі – Солтүстік Кореядан шыққан  Кусон-3 деген өте ескі станок. Осыдан он екі жыл бұрын келгенде де осындай ескі болыпты.

– Шындығында, бұл – тамаша  станок, майлап-сайлап қойса, осыған жетері жоқ. Біздің жұмысқа ең ыңғайлысы осы. Автоматтандырылған, бағдарламамен басқарылатын станок токарьға керек емес. Кез келген көліктің тетіктерін де, бөлшектерін де осы жерде жонып, тозғандарын жөндеп, ескісіне жан бітіруге болады, – дейді шебер.

Кейіпкеріміз өзінің біліктілігін арттыру үшін ғаламторды ақтарып, ютуб арнасындағы бейнежазбаларды қарайды. Бірақ оның негізгі сүйенері – өзінің ішкі түйсігі мен туа біткен таланты. Талай жолдастары  мен таныстары көліктеріне қажетті бөлшекті не бір тетікті таба алмай қиналғанда  Самат ағаға үміт артып келеді. Өйткені ол кісі кез келген «детальды» зауыттан шыққандай жасап бере алады.

– Жуықта өзіме де Кусон-3 станогын сатып алып, аулама орнаттым. Көлденең табыс табу үшін емес, басқаларға қол ұшымды беру үшін қажет болды. Өйткені, өтініш айтып келетін жандар аз емес, кейбіреуіне шұғыл жасап беру керек, – деп бөлісті маман.

Қазір ол станогында ауладағы қарды тазалайтын шағын трактор құрастырып жатыр. Оған дейін бетон араластыратын құрылғы жасап шыққан. Шығармашылық пен рационализаторлық – оның сүйікті ісі.

Кәсіпорында қазір бар болғаны  төрт токарь маман жұмыс істейді. Олардың екеуі зейнет жасында, тағы  біреуі зейнеткерлікке таяп қалған, ең жасы – елу алты жаста. Кадр жетіспеушілігін кейіпкеріміз еңбекақының төмендігінен деп санайды.

– Жастар бұл жерге жұмысқа келгісі келмейді. Жалақымыз мардымсыз. Менің зейнетақым бар, басымда баспанам, астымда көлігім  бар, бала-шағам ержетті. Ал жас отбасыларға күнкөріске жетпейді, сол себепті мамандар тұрақтамайды, – дейді Самат аға.

Өткен жылы тәжірибеден өту үшін бір жас бала келіпті. Самат аға үш ай бойы білген-түйгенін шәкіртіне үйретіп, әбден шыңдайды. Өзі де жұмыссыз отыруды жаны сүймейтін маман оқушысын да жұмсай беріпті.

– Содан әлгі шәкіртім маған «аға, үш жылда колледжде үйренбегенді сізден үш айда үйрендім ғой» дегені. Қазір «Востокмашзауытында» жұмыс істеп жүр деп естідім.  Ол да сол еңбекақының аздығынан келмегені түсінікті болып тұр. Басшылық жуықта еңбекақымызды 35 пайызға арттырады деген. Қазір жұмыс істеп жүрген мамандар кетсе, орнымызды кім басары белгісіз, – деп күрсінді шебер.

Тоқсан бес жасқа дейін жұмыс істей берем

Самат аға бос уақытын денсаулықты күтуге арнайды. Алпыстың жетеуіне келген зейнеткер өзін қырық-қырық бес жас шамасында сезінетінін айтады. Күнделікті таңертең жаттығу жасайды, 500 рет отырып-тұрады, жерден кеудесін 250 рет көтере алады, турникке тартылады. Ол кісі жуықта ютубтан өз арнасын ашыпты. Онда токарьлық туралы емес, салауатты өмір салтын насихаттайтын бейнежазбалар жүктелген.

– Бірінші жазбам қант диабетінен арылу туралы. Мен бала кезімнен кітап-журналдарды, газетті көп оқитынмын. Жерден тауып алған газеттің қиқымын оқып болмайынша, орнымнан қозғалмайтынмын. Кейін жүйелеп, қажетті әдебиеттерді, медициналық газет-журналдарды оқуды әдетке айналдырдым. Тек оқып қоймай, сонда жазылған рецептер мен ұсыныстарды өзім пайдаланып, қаншалықты пайдасы барын зерттеп жүрдім. Нәтижесінде көптеген ауруларды емдеудің авторлық бағдарламасын таптым десем болады. Мысалы, көп оқығаннан көз жанарым кетіп бара жатты. Қазір оны қалпына келтіріп келемін. Қант диабетінен құлан-таза жазылдым. Ең бастысы, менің арнам қазақ тілінде. «Әр қазағым – жалғызым» демекші, мен осы қаракөздеріміз денсаулықтарын түзесе екен деймін. Жасыратыны жоқ, медициналық кеңес пен әдебиеттердің барлығы орыс тілінде. Мен қазақ тілінде контент жасадым, елге пайдасы тиер деп сенемін, – дейді Самат аға.

Самат ағаның алға қойған үлкен мақсаты бар.

– Мен әлі де үйде отырғым келмейді. Қанша жасқа келсем де, жұмыс істей беремін. Біздің Өскеменде Аблакеткада бір орыс қария болды. Сол кісі 95 жасына дейін фрезеровщик болып жұмыс істеді, екі жыл болды өмірден өткеніне. Сол кісінің жолын қусам деймін.

Кәсіпорында кадр тапшылығы өткір сезілуде

«Өскемен Водоканал» кәсіпорнында  штат бойынша 940 қызметкер жұмыс істеуге  тиіс. Алайда, 2025 жылғы шілде айындағы жағдай бойынша нақты жұмыс істеп жатқан қызметкерлер саны – 677 адам. Осылайша, кәсіпорында 263 бос орын бар.

Кәсіпорынның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кадр жетіспеушілігінің негізгі себебі – жалақы деңгейінің төмендігі. Бұл жағдай қызметкерлердің жұмысқа орналасуға қызығушылығын төмендетіп отыр. Осыған қарамастан, кәсіпорын кадр мәселесін шешу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде: халықты жұмыспен қамту орталығына өтінімдер жолданып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат кәсіпорынның ресми сайтында және Instagram парақшасында (@presssec.vodokanal.ukg) жарияланып отырады.

2024 жылдың қазан айынан бастап 2025 жылдың маусымына дейінгі аралықта 152 қызметкер жұмыстан шығарылса, есепті кезеңде 178 жаңа қызметкер жұмысқа қабылданыпты.

Кәсіпорында кәсіби дайындықты жетілдіру бағытында да жұмыс атқарылуда.  Мысалы, 113 қызметкер – электр қауіпсіздігі бойынша аттестаттаудан өтті, 552 қызметкер – өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқу оқып келсе, 8 қызметкер – бейіні бойынша түрлі семинарларға қатысып, біліктілігін арттырған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу