Археолог Самат Самашев тастағы таңбаларды зерттеп жүр – ШҚО
Фото: www.berel-museum.kz
Археолог, таңбатанушы Самат Самашев Шығыс Қазақстандағы жартастарда бедерленген белгі-таңбаларды зерттеп келеді. Биыл ол өзінің «Қазақ Алтайындағы ерте темір дәуірінің таңбалары» жобасы аясындағы археологиялық жұмыстарын туған топырағында – Ұлан ауданының Бестерек ауылы маңында жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Елімізде кәсіби таңбатанушылар, оның ішінде қазақтілді таңбатанушылар жоқтың қасы. Отандық археология мен этнографияның ақтаңдақ тұстары да таңбатануға келіп тіреледі.
Өскеменнен қырық шақырым жерде орналасқан, екі жүздей тұрғынға мекен болған Бестерек ауылының маңы көне заманнан орта ғасырларға дейінгі археологиялық ескерткіштерге бай. Қазір бұл жерде Бестерек археологиялық ғылыми-зерттеу кешені бой көтеріп, музей ашылған.
Бестеректен түлеп ұшқан Самат механизатор Қайролла Самашұлы мен орыс тілі мұғалімі Шолпан Мырзағалиқызының отбасында 1981 жылы дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепте білім алған.
Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған соң еңбек жолын Марғұлан атындағы Археология институтынан бастаған. Еуразия ұлттық университетінің докторантурасында білім алып, «Қазақ даласындағы ортағасырлық таңбалар» диссертациясын қорғады. «Көне түркі таңбалары», «Көшпелілер тарихындағы Берел» монографияларының телавторы, қазақ жеріндегі археологиялық зерттеулер бойынша отызға жуық ғылыми мақаласы жарық көрген. 2007 жылы Германияда өткен «Алтын қорыған грифтер: сақ обалары» көрмесін ұйымдастыруға атсалысқан ол – музей саласының да маманы.
Сәкен Ғайса