KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 6 м/с, З
504.6 594.27 6.48

ШҚО-да құтқарушылар шомылу маусымын қорытындылады

Фото: Александр Шушеньков
Фото: Александр Шушеньков
4.09.2025, 16:00 230 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында биылғы шомылу маусымы қайғылы жағдайлармен аяқталды. ТЖД мәліметінше, су айдындарында 7 адам, оның ішінде 2 бала суға батып кеткен. Барлық оқиғалар жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қайғылы жағдайлардың басты себебі – өзендердің қатты ағысы мен тереңдігінде жүзу кезінде адамдардың өз күшін дұрыс бағаламауы.

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері су айдындарында патрульдеу барысында 13 адамның өмірін сақтап қалған.

– «Шомылу маусымы кезінде алдын алу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. 1600-ден астам рейд пен патруль ұйымдастырылды. Нәтижесінде 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар да бар», – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Облыста шомылуға арналған 25 аумақ анықталғанымен, олардың тек 8-і ғана жабдықталған. Қалған 17 жағажайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Мәселен, Алтай ауданында – 1, Үлкен Нарын ауданында – 1, Самар ауданында – 7, Ұлан ауданында – 6, Зайсан ауданында – 1 және Риддер қаласында – 1 жабдықталмаған су айдыны бар.

Облыстық мәслихат шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 орын және шағын көлемді кемелерге рұқсат етілмейтін 29 аймақ бекітілген.

Биыл департаментке су айдындарының түбін тексеру бойынша 21 өтінім түсіп, сүңгуірлер жұмыстар жүргізген.

Құтқарушылар қазір де су жағасында демалушылар мен балықшылар көп екенін айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:

  • суға шығарда құтқару кеудешесін кию;
  • қайықты шамадан тыс жүктемеу;
  • қараңғы уақытта өзен-көлдерде болмау.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу