Ережеп Мәмбетқазиев Конституцияның 30 жылдығына арналған медальмен марапатталды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан-Американдық еркін университетінің президенті, академик Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиевке «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Бұл марапат – ғалымның еліміздегі жоғары білім мен ғылымды дамытуға, жас мамандар дайындауға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға қосқан үлкен еңбегін мойындаудың белгісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекелік медаль 2025 жылдың 29 тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген. Ол Конституцияны құрметтеуге, ел тәуелсіздігін нығайтуға, қоғамдағы келісім мен азаматтардың құқықтарын қорғауға үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Ережеп Әлхайырұлы – белгілі ғалым-химик, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол – Қазақстанның алғашқы Білім министрі (тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы министр).
1984–2001 жылдары Өскемен педагогикалық институтын, кейінгі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін басқарған. Мәскеудегі Ломоносов атындағы ММУ-де докторлық диссертация қорғаған.
Еліміздегі алғашқы халықаралық серіктестік университеті – ҚАЗАҚСТАН-АМЕРИКАНДЫҚ ЕРКІН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ негізін қалаушы. Оның бастамасымен жоғары білімде көптеген реформалар іске асты: бакалавр-магистр-PhD жүйесі, ұлттық тестілеу, үш тілде оқыту, «Болашақ» бағдарламасы.
Ғалымның жетекшілігімен ондаған ғылыми кадрлар даярланды, электрохимия саласында ғылыми мектеп қалыптасты.
Ережеп Мәмбетқазиев «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, А.Байтұрсынов атындағы орденмен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы. Оның есімі Ресейдің Астрахан облысындағы бір мектепке берілген.