ШҚО-да «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды
Алтай ауданы Серебрянск қаласындағы №4 орта мектепте қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Виктор Самойловтың құрметіне «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты рәсімде 7-сыныптың 12 оқушысы ант беріп, «Жас сақшы» қатарына қабылданды. Іс-шараға жергілікті билік пен полиция өкілдері қатысып, жас кадеттерге Отанға қызмет етудің, заңды құрметтеудің және жауапкершілік алудың маңызын атап өтті.
Самойлов Виктор Яковлевич 1987 жылы демалыс күнінде қарулы қылмыскерді ұстау кезінде оқ тиіп қаза тапқан еді. Ол соңына дейін ерлік пен адалдықтың үлгісін көрсетті.
– Әкемді еске алып жүргендердің барлығына алғыс айтамын. Біз өмірін құрбан еткен қызметкерлерді ешқашан ұмытпауымыз керек. Балаларға сондай қаһармандардың ерлігіне лайық болып, жақсы оқып, адал қызмет атқаруларын тілеймін, – деді марқұмның қызы Ольга Викторовна.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 16 «Жас сақшы» кадет сыныбы жұмыс істеп тұр. Онда барлығы 290 оқушы білім алуда.
Ақпарат көзі/фото: Polisia.kz


