Риддерде жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Риддер қаласында жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шамамен алты шақырымға жуық жылу желісі толық жөнделген, ал қалған екі учаскедегі жұмыс та аяқталуға жақын. Жөндеу аяқталған соң тозу деңгейі 80 пайыздан 66 пайызға дейін төмендейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Шығыс Жылу» АҚ Риддер филиалы директорының міндетін атқарушы Кирилл Голота атап өткендей, жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге жетті.
Оның айтуынша, жұмыс белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр және таяу күндері толық аяқталады. Әлеуметтік нысандар жылу жүйесіне қосылған, ал жылыту маусымы басталғанға дейін тұтынушылардың 100 пайызы қосылады деп жоспарлануда.
Ол жылумен қамтуда іркілістер болмайтынына сендірді. Жылыту маусымына дайындық мамыр айында басталып, ауқымды жүргізілген.
Сонымен қатар жұмыс тек жылу желілерінде ғана емес, қазандықтарда да атқарылды.
Қала тұрғындары үшін қажетті көмір көлемі шамамен 4 900 тоннаны құрайды, оның 4 500 тоннасы бүгінде тұрғындарға жеткізілген.
Елизавета Седых
Фото: Александр Шушеньков



