Алтай ауданының тұрғындары «Денсаулық пойызын» қуана қарсы алды – ШҚО
Алтай ауданы тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – «Саламатты Қазақстан» пойызы Серебрянск қаласына қарасты Күмістау станциясына келіп тоқтады. Бұл әлеуметтік жоба Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
18-19 қыркүйек күндері Серебрянск қаласының және маңайдағы ауылдар мен кенттердің тұрғындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейтін медициналық және құқықтық кеңестерді тегін ала алады.
Қабылдау жүргізетін мамандар – терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР, хирург, уролог, маммолог, педиатр, сондай-ақ психолог, заңгер, медиатор.
Қабылдау барысында ультрадыбыстық зерттеу, қан қысымын өлшеу, экспресс-диагностика жүргізіліп, қажет кеңестер мен ұсыныстар беріледі.
Пойызды қарсы алу рәсімі Күмістау станциясында өтті. Іс-шараға Серебрянск қаласының әкімі Нұргүл Бақынова және ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Инна Коломиец қатысты. Олар медициналық пойыздың мамандарына және ұйымдастырушыларға алғыс айтып, сәтті жұмыс тіледі.
Қала тұрғындары пойызды жылы қарсы алып, алғыс білдірді. Әсіресе зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен жас аналар үшін бұл жоба үлкен көмек болды.
«Саламатты Қазақстан» пойызы Алтай ауданының өзге елді мекендеріне де атбасын бұрып, сол жердің тұрғындарына да тегін көмек көрсетуді жалғастырады.






