Автожолдардың қысқы күтіміне 957 техника дайындалды – ШҚО
altainews.kz
Шығыс Қазақстан облысында қыс маусымына жол қызметтерін дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгін облыс әкімдігінде өткен отырыста алдағы қыста автожолдарды күтіп-ұстауға дайындық барысы туралы баяндалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Барлығы 957 техника қалыптастырылған, олар климаттық ерекшеліктер ескеріле отырып, қалалар мен аудандар арасында тең бөлінген. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдарға қызмет көрсететін «КАЖсервис» ЖШС-нің ШҚОФ балансында 103 техника бар, оның 98-і (95%) жарамды. Жедел әрекет ету үшін қосымша 11 арнайы техниканы тартуға конкурс жарияланған. Ал облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін «ОблШығысЖол» ЖШС-нің балансында 119 техника бар, оның 111-і (93%) жарамды. Арнайы жабдықталған бульдозерлер, автогрейдерлер мен тралдардан тұратын жедел әрекет ету жасағы құрылған. Елді мекен көшелері мен аудандық маңызы бар жолдарға 735 техника жұмылдырылған, оның 662-сі (90%) жұмысқа жарамды.
Төтенше жағдайлар болған жағдайда республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 185 қосымша мобилизациялық техниканы пайдалану көзделген. Әкімдік өкілдері қысқа дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын, ал қар тазалау техникасының дайындығы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Дамир Омаров