ШҚО-да 80 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2022 жылдан бастап өңірге 343,3 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. 2025 жылға арналған жоспар – 120 мың гектар, оның 67%-ы орындалып, қыркүйек айының соңына қарай мемлекетке 80,3 мың гектар жер қайтарылды.
ШҚО әкімдігінде өткен кеңесте жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис атап өткендей, қайтарылған жердің 99%-ы (79,9 мың гектар) қалалар мен аудандар әкімдіктерінің күштерімен, жер учаскелерінің ерікті түрде қайтарылуы немесе жалдау мерзімінің аяқталуы арқылы жүзеге асырылған. Тағы 0,4 мың гектар жер мемлекеттік бақылау аясында, Жер ресурстарын басқару департаментінің жұмысы арқылы қайтарылған.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жоспарланған 94,3 мың гектардың 85%-ы орындалды. Дегенмен, кей аудандарда көрсеткіш төмен болып отыр: Самар ауданында – 10% (1,4 мың гектар), Марқакөл ауданында – 33% (4 мың гектар). Ал Алтай және Глубокое аудандары жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындаса, Ұлан ауданы 24 шілдеде облыс әкімі берген тапсырманы толық орындап, 9,7 мың гектар жерді қайтарды.
Надежда Михейлистің айтуынша, жалпы облыс бойынша оң динамика байқалады, алайда нәтижесі төмен аудандар әкімдіктері пайдаланылмаған жерлерді анықтау және қайтару бойынша жұмысын жандандыруы қажет. Жыл соңына дейін жылдық жоспардың толық орындалуы күтілуде, ал 2026 жылы өңірде пайдаланылмаған жерлерді айналымға енгізу және олардың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар жалғасады.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова