ШҚО тұрғындары халықаралық экологиялық қозғалысқа қосылды
20 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында халықаралық «World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күні» аясында экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, колледж және мектеп оқушылары, студенттер, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысты.
Облыс орталығындағы Шмелев лог ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді. Экология департаментінің баспасөз хатшысы Аружан Мұсаханованың айтуынша, акцияға 200-ге жуық адам шыққан.
Табиғи ресурстар басқармасының қызметкері Әйгерім Мұсабаева да тазалық әр адамнан басталатынын атап өтті:
Басқарма басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов Шмелев лог ауданы ең көп ластанатын аумақтардың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, қала бойынша 25-тен астам учаскеде тазалық жұмыстары жүргізілген.
Дүниежүзілік тазалық күні аясында Өскемен қаласы мен облыстың барлық аудандарында сенбіліктер өтіп, саябақтар, өзен жағалаулары мен қоғамдық аумақтар тазартылды.
«World Cleanup Day» – жыл сайын 190-нан астам елді біріктіретін халықаралық экологиялық қозғалыс. Қазақстан биыл да осы бастаманы қолдап, азаматтардың жоғары экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін көрсетті.
Шара «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыс және қала әкімдіктерінің, экология департаментінің, қоғамдық ұйымдар мен экологиялық қозғалыстардың қолдауымен өтті.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников











