ШҚО-да құқықтық тәртіпті нығайту шаралары күшейтілді
Шығыс Қазақстан облысы құқықтық тәртіп жүйесін нығайтып жатыр. Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дадебаевтың қатысуымен өткен селекторлық жиынның қорытындысы бойынша 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы» аясындағы жаңа басымдықтар белгіленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыстағы басты назар – қылмыстың алдын алу, цифрлық бақылау және халықпен жұмыс жүргізу.
Айбек Дадебаевтың айтуынша, бүгінде еліміздің барлық қалаларында азаматтарды қабылдау орталықтары жұмыс істейді. Бұл қылмыс деңгейін 7 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ол тұрғындардың құқықтық мәдениетке белсенді араласуы аса маңызды екенін атап өтті.
Ауылдық жерлерде де оң өзгерістер байқалады. Бүгінгі күні 400-ге жуық ауыл ерікті түрде алкогольден бас тартқан. Кейбір елді мекендерде құқық бұзушылық мүлде жоқ. Сонымен қатар шалғай округтерде құқықтық қорғау кабинеттері ашылып, тұрмысы төмен отбасылардағы балаларға нақты көмек көрсетілуде.
Өз сөзінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған акциялар, рейдтер, флешмобтар, пікірталастар және құқықтық клубтар ұйымдастырылып келеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Жас заңгер» клубтарының саны артқан. Сондай-ақ «Шығыс Қазақстан студенттік заң қауымдастығы» жұмыс істеп тұр.
Қауіпсіздік шараларына облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы полиция департаментін жабдықтауға бағытталуда. Атап айтқанда, 1 900 жаңа цифрлық бейнебақылау камерасы орнатылып, оның 300-і бейнеанализ модулімен жұмыс істейді. Жасанды интеллекттің көмегімен адам мен көлікті тану, құқық бұзушылықтарды тіркеу және қауіп-қатерді алдын ала болжау мүмкіндігі бар.
Маңызды назар аударуды қажет ететін міндеттердің қатарында – сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу және инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмысы бар. Комитет қазірдің өзінде 130-дан астам нақты істі шешкен. Сонымен бірге құрылыс саласындағы проблемалар мен нормативтерді жаңарту қажеттілігі де көтерілді.
Президент Әкімшілігінің басшысы құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмысы ерекше бақылауда болатынын атап өтті.





