ШҚО-дағы жас мамандар өндірістің арқауына айналып келеді
Күршім ауданындағы «ВСАМ-ПРОДАКШН» алтын өндіру фабрикасында аға буын өкілдерімен қатар жас мамандар да еңбек етуде. Олар жұмыс үдерісіне тың көзқарас пен жаңа серпін қосып отыр. Көпшілігі оқу бітірген соң бірден Шығыс Қазақстанға келіп, еңбек жолын бастаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Семей қаласының тумасы Жасмин Қайдарова Семей геологиялық барлау колледжін «Пайдалы қазбаларды іздеу және барлау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір ол сапаны бақылау геологы болып жұмыс істейді.
Жасминнің айтуынша, геологтар әдетте еңбек жолын сынама алушы ретінде бастайды. Алайда жас болса да ол бірден жауапты қызметке қабылданған. Осы арқылы құнды тәжірибе жинақтап жүр. Болашақта ресурстар геологы атанып, қорларды есептеуге және жаңа кен орындарын анықтауға қатысуды армандайды.
Фабрикада еңбек етіп жүрген тағы бір жас маман – Қарағандыдан келген Мұса Қонысбеков. Қазір ол «Жаңартылатын энергетика» мамандығы бойынша колледжде сырттай білім алуда.
Жас мамандарға жатақхана мен үш мезгіл тамақ беріледі. Олар жаңа технологияларды жылдам меңгеруде.
Кәсіпорын директорының орынбасары Ерхат Қалиевтің айтуынша, мұнда Күршім ауылынан 29 адам және Маралды ауылдық округінен 23 адам еңбек етеді. Жалпы фабрикада екі жүзден астам қызметкер бар, олардың басым бөлігі – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының тұрғындары.
Фабрикадағы орташа жалақы он бес күндік ауысымға шамамен 350 мың теңгені құрайды. Ал кейбір мамандардың табысы 450 мың теңгеден асады. Өз еңбек жолын енді бастаған жастар үшін бұл – жеткілікті жалақы.







