Өскеменде Глубокое ауданының өнер ұжымдары ерекше бағдарлама ұсынды
Шығыс Қазақстанда «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Глубокое ауданының шығармашылық ұжымдары Өскеменде үлкен концерт қойды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Мәдени шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына арналды. Сонымен қатар ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.
Кештің шымылдығы Жидебай ауылын бейнелеген этнографиялық композициямен ашылды. Киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Сахнада оқушылар соғыс жылдарына арналған көріністерді сахналап, патриоттық әндер орындады.
Іс-шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, көрмені аралап көрді. Әсіресе жас техниктер станциясы оқушылары жасаған әскери техникалардың үлгілері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Көрермендер концерттің жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Глубокое ауданының мәдениет күндері ертең де жалғасады. Таңғы сағат 8:00-де «Алтай» көтерме-тарату орталығында жәрмеңке мен концерт өтеді.
Фото: Жібек Нұрахмет















