ШҚО-да сегіз ауылға газ тартылады
Зайсан ауданының сегіз ауылына газ тартылады.
Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарының үйлеріне газ тартылатын болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мемлекет басшысы газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екенін айтқан еді.
Президенттің тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстанның ауылдарын газдандыру мәселесі қолға алынып отыр.
Осы ауылдардағы үйлерге газ жеткізу мақсатында былтыр ауылішілік және орамішілік желілер салу жобасы іске аса бастаған. Жобаның құны – 1203,2 милиион теңге. «StroyGazCompany» ЖШС мердігер ұйымымен шарт жасалды. Өткен жылы жоба бойынша 215,0 миллион теңге игеріліп те қойған еді.
Алайда мемлекеттік сатып алу туралы конкурста екінші орын алған компания конкурс қорытындысына келіспей, сотқа шағымданады. Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымынша, былтыр құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылған болатын.
Жуырда сот рәсімдері аяқталып, «StroyGazCompany» ЖШС биыл нысандағы жұмысты жалғастыратын болды, осы мақсатқа 939,0 миллион теңге бөлінді. Жобаға сай ұзындығы 96,5 шақырым ауылішілік және орамішілік желілерді төсеу көзделген. Нәтижесінде 5400 адам табиғи газға қол жеткізетін болады.